Қырғызстанда тәуелсіз редакциялар мен журналистердің үйін тінтіп жатыр

Қырғызстанда тәуелсіз редакциялардың кеңсесі мен журналистердің үйінде тінту жүргізілді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

15 қаңтарда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті “Соғысты насихаттау” бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеп, 24.kg ақпарат агенттігінің кеңсесін тінтіген. Қауіпсіздік күштері кеңсені тінтіп болған соң, оны мөрлеп жауып кеткен және редакцияның бас редакторы Әсел Оторбаева мен шеф редакторы Махинур Ниязованы ұстап әкеткен. Кейін 24.kg шеф редакторы Антон Лаймардың да тергеуге алынғаны белгілі болды.

Ниязованың айтуынша, қылмыстық іс олардың Украинадағы соғыс туралы мақаласына қатысты қозғалған.

Ал 16 қаңтар таңертең Қырғызстанның қауіпсіздік күштері бірнеше журналистің үйін тінтіп, кейбірін жауап алу үшін Ішкі істер министрлігіне ұстап әкеткен. Журналист Болот Темировтың мәліметі бойынша, «Айт, айт десе» және «Темиров LIVE» жобаларының директоры Махабат Тәжібекқызының, журналист Сапар Акунбековтың Бішкектегі үйін, Тоқмақтағы ақын Азамат Ишенбековтың үйін тінтіген.

Акунбековтың үстінен “жаппай тәртіпсіздікке шақырды” деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Оған қоса «Temirov LIVE» жобасының бұрынғы қызметкері Ақтілек Қапаровтың полицияда жауапқа алынып жатқаны белгілі болды.

«ПолитКлиника» басылымының директоры Ділбар Әлімованың айтуынша, олардың редакциясының журналисі Тыныстан Асыпбековтің де үйінде тінту жүргізілген.

Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі журналистердің үйлерін не себепті тінтіп жатқанын, не үшін жауап алып жатқанын әлі түсіндірмеді.

Factcheck.kz