Қырғызстан медиақауымдастығы журналистерге жасалған қысымға қатысты билікке үндеу жолдады

Қырғызстанның медиақауымдастығы билікке үндеу жолдады. Онда олар елдегі сөз еркіндігіне, қырғыз журналистерінің қызметіне қатысты мәселелерді жазып, олардың құқығын бұзбауды талап еткен. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Үндеуді жазғандардың айтуынша, еркін медиа, тәуелсіз журналистер, блогерлер биліктің, фейктер мен тролльдер фабрикасының қысымына ұшыраған. Оған қоса билік журналистердің жеке өміріне араласып, құқығын бұза бастаған.

Қысым жасаудың ең ұсқынсыз әдістерінің бірі — жеке өмірге араласу. Қазіргі кезде заңнамаға қайшы жайттардың барлығы әлеуметтік желіде тарап жатыр: жеке бейнежазбалар, отбасылық әңгімелер, интим фотолар және заңмен қорғалатын басқа да құпия ақпараттар. Ал арнайы құрылған фейктер мен тролльдер фабрикасы өшпенділік пен қаралау стилін пайдаланып, бұл аудио, бейне және фотоларды кеңінен таратып жатыр. Мұндай жағдайларға мысал ретінде жақында Kloop журналисі мен Temirov Live ресурсының қызметкерімен болған оқиғаларды келтіруге болады. Конституция әрбір адамның құпиялылығы мен жеке өміріне қол сұғылмау құқығына кепілдік береді. Мемлекет азғантай заң бұзушылықтар үшін БАҚ-қа тосқауыл қояды және өзгеше ойлайтын азаматтарды дереу анықтайды, бірақ журналистер мен блогерлердің жеке өміріне қатысты ақпаратты таратпауға солайша күш салмайды.

деп жазылған үндеуде

Қырғыз журналистері Жогорку кеңеш талқылап жатқан «БАҚ туралы» және «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобаларына алаңдайды. Медиақауымдастық мұндай заңдар қабылданса, тәуелсіз медиа мен азаматтық қоғам институттары толық жойылады, сөз еркіндігі шектеледі деп қауіптенеді.

Биыл шілде айында Еуропарламент Қырғызстанда БАҚ пен сөз еркіндігіне жасалып жатқан қысымды сынайтын қарар қабылдаған. Құжатта Қырғызстанда адам құқығы мен сөз еркіндігінің жағдайы күрт нашарлап кеткені айтылған. Халықаралық Freedom House (FH) ұйымы Қырғызстанды «еркін емес елдер» қатарына қосқан. «Шекарасыз тілшілер» индексінде Қырғызстан 50 саты төмендеген.

Алайда Қырғызстан билігі елдегі адам құқығы мен сөз еркіндігін қорғайтынын мәлімдеп отыр.

Factcheck.kz