Махса Әмини туралы жазған екі журналист түрмеден уақытша босатылды

Махса Әминидің өлімінен соң, елде болған наразылық митиңдері туралы жазғаны үшін сотталған екі журналист апелляция сотының қарауына дейін уақытша босатылған. Бұл туралы Фарда Радиосы хабарлады.

14 қаңтарда екі журналист қыз  — 31 жастағы Нилуфар Хамеди мен 36 жастағы Элахе Мохаммади Тегерандағы әйелдер түрмесінен шықты. Иран билігі мәліметі бойынша, олар кепілге зат қойып, уақытша босап шыққан. Бірақ журналистерге ел аумағынан шығуға тыйым салынған.

Нилуфар Хамеди Тегеран ауруханасында ес-түссіз жатқан Махсаны ата-анасы құшақтап жатқанын суретке түсіргені үшін қамалған. Оның бұл фотосы Махса Әмини туралы Иран баспасөзінде жарияланған алғашқы хабар болды. Ал Элахе Мохаммадиді Әминидің жерлеу сәтін көрсеткені үшін ұстаған. Олар 12 және 13 жылға сотталды. Журналистерге “ұлттық қауіпсіздікке қарсы жұмыс істеді”, “АҚШ үкіметімен ынтымақтасты” деген айып тағылған. Алайда олар бұл айыппен келіспейді.

“Хамеди мен Мохаммади соты – сайқымазақ сот, сөз еркіндігіне тыйым салудың айқын көрінісі”, — деп мәлімдеді Халықыралық журналистерді қорғау комитеті бағдарламасының Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша үйлестірушісі Шериф Мансұр.

Айта кетейік, 22 жастағы Махса Әминиді 2022 жылы Иранның әдеп полициясы “хиджабты дұрыс кимеді” деп ұстап, ұрып өлтірген. Осыдан кейін Иранда жаппай наразылық акциясы басталды.

Factcheck.kz