Иранда Махса Амини өлімі туралы жазған журналистер “тыңшы” деп айыпталды

Иран билігі 22 жастағы Махса Аминидің өлімі туралы жазған Нилуфар Хамеди мен Элае Мохаммади есімді екі журналисті “АҚШ-тың барлау қызметінде жұмыс істеді” деп айыптады. Иран заңы бойынша олар өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, журналистер жаппай наразылықтар басталғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қамауға алынды. Олар саяси тұтқындар отыратын Эвин түрмесінде болуы мүмкін.

Иранның арнайы қызметі елдегі наразылық шараларын ЦРУ, Моссад және басқа да батыстың барлау қызметі ұйымдастырғанын айтып, журналистерді “ЦРУ агенттері” деп айыптады.

Нилуфар Хамеди Махса Амини жатқан ауруханадан хабар таратқан бірінші журналист болды. Иран билігі Хамедиді марқұмның отбасына өзін журналист ретінде таныстырып, қызының өлімі туралы ақпаратты жариялауға мәжбүрледі деп айыптады.

Ал екінші журналист Элае Мохаммади Аминидің жерлеу рәсімінен репортаж жасаған. Оның адвокатының айтуынша, 22 қыркүйекте қауіпсіздік күштері Мохаммадидің үйінің есігін бұзып кіріп, оны қамауға алған. Оған қоса журналистің телефон, ноутбук сияқты жеке заттарын алып кеткен.

Елде наразылық басталғалы бері 40-тан астам журналист ұсталған. Қамауға алынбаған журналистер оларды арнайы қызметтің аңдитынын, телефондарын тыңдайтынын айтқан. Қудалауға байланысты олар шетелдегі әріптестерімен байланысқа шыға алмай отырғанын жеткізген.

Factcheck.kz