Иранда “хиджаб кимегені үшін” ұсталған Армита Гераванд ауруханада көз жұмды

Иранда “хиджаб кимегені үшін” ұсталған Армита Гераванд аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл туралы Borna.news сайты хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, биыл қазанның басында Армита Геравандтың Тегеран қаласындағы метрода қысымы төмендеп, құлап, бассүйек жарақатын алған. Ауруханаға түскеннен кейін ол біраз уақыт комада болған.

Бірнеше күннен кейін Hengaw құқық қорғау тобы Армита Геравандты әдеп полициясы “хиджаб кимегені үшін” ұстап, күш қолданғанын, қыздың сол кезде жарақаттанғанын хабарлады.

Дегенмен Иран билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Олар қызда “ми ісігі” болғанын мәлімдеді.

Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі оқиға болған станциядағы бақылау камераларының жазбаларын көрсетті. Онда Геревандтың екі құрбысымен бірге пойызға мінгені, одан кейін платформада ес-түссіз жатқаны бейнеленген. Вагонның ішінде нақты не болғаны белгісіз. Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы аталған видеоны тексеріп, оның өңделгенін айтады. Видео кемінде үш минутқа қысқартылған.

Factcheck.kz