Зерттеу: компаниялар ОА азаматтарының цифрлық құқығын қаншалық сақтайды?

2022 жылы «Азаматтық интернет саясаты бастамасы» қоғамдық қоры «Greater Internet Freedom» жобасы аясында бизнес сектор Орталық Азия азаматтарының цифрлық құқығын қаншалық сақтап-сақтамайтына қатысты рейтиңді жасайтын зерттеу дайындады. Оларға Internews қаржылай қолдау білдірді.

Рейтиңнің мақсаты — қазіргі жағдайды зерттеу және оны жақсарту мақсатында жол картасын әзірлеу. Мұндай шаралар онлайн кәсіптің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қолданушылардың олардың веб-қызметіне адал болуын арттыруға, әлеуетті донорларды табуға көмектеседі.

Зерттеу цифрлық қызмет провайдерлерінің негізгі үш санатына бағытталған: телекоммуникация провайдерлері, электрон коммерцияның платформалары және қаржы технологиясы. Рейтиң мобайл және веб-салада түрлі қызмет ұсынатын компаниялардың саясаты мен тәжірибесінде цифрлық құқықтың бар-жоғын білуге, тануға мүмкіндік береді. Оған қоса компаниялар қолданушыларының цифрлық құқығын сақтау мен қорғау үшін қандай қосымша шара қолдануы керек екенін түсінеді.

Зерттеу Ranking Digital Rights (RDR) компаниясымен бірлесіп жүргізілді. RDR технология компанияларының саясаты мен тәжірибесі адамдардың цифрлық құқығына қалай әсер ететінін бағалайтын “алтын стандарт” деген методологияны әзірледі. Онда азаматтардың сөз еркіндігі және жеке мәліметтерінің құпия болуы мәселесіне жіті назар аударылды. Бұл методология Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының кәсіп пен адам құқықтары жөніндегі жетекші қағидаттарына негізделген.

Зерттеуде кей компания басқаларға қарағанда жақсы нәтиже көрсетті. Десе де корпоративтік құпиялық пен деректерді қорғауға қатысты әлі де көп жұмыс жасалуы қажет. Зерттеу авторлары компаниялардың саясаты адамдардың цифрлық құқығын Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен БҰҰ-ның қағидаттарына сай қорғамайтынын баса айтты.

Factcheck.kz