Түрік мергені Юсуф Дикеч Парижде өтіп жатқан Олимпиадада арнайы құрал-жабдықты тақпай өнер көрсетіп, көпшілік арасында танымал болды. Ол 30 шілдеде командаласы Шевваль Илайда Тарханмен бірге 10 метрлік пневматикалық тапаншамен аралас ату сайысына қатысып, күміс медаль жеңіп алды. Желіде Дикечтің жеңісіне отбасылық драмасы, яғни әйелімен ажырасқаны әсер етті деседі. Reuters фактчекерлері бұл оқиғаның қаншалық рас екенін тексерді.
Желіде тараған ақпаратқа сенсек, Дикеч “жақында ғана ата бастаған» және ажырасқаннан кейін қолына тапанша алған. Оған қоса Дикеч осы жеңісі арқылы әйелінің қате шешім қабылдағанын дәлелдегісі келген деседі.
Алайда фактчекерлер бұл оқиғаны алғаш болып 1 тамызда Facebook-тегі «The Sports Memery» парақшасы жариялағанын анықтады. Олар өздерін сатира, пародия және мем тарататын парақша ретінде сипаттайды.
“Мен интернеттің фактіні фантастикадан ажырату қабілетін асыра бағалап қойыппын”, – деп жазды автор 2 тамызда парақшасына.
Ол оқиғаның жалған екенін айтты. Ал 3 тамызда ол беттегі жарияланымдардың сатиралық сипатына сілтеме жасай отырып, жазбаны өңдеді.
Пост авторы бұл оқиғаның “Құлау” фильміндегі актер Майкл Дугластың кейіпкеріне сілтеме екенін түсіндіріп: “Менің мақсатым тұрақсыз, жаңадан ажырасқан, «қызыл жалаулары бар» әке Олимпиадада мергендер сайысынан медаль жеңіп алғаны қаншалық ақылға қонымсыз екенін жазу еді”, – деп қосты.
Осылай, әлеуметтік желілерде вирусқа айналған түрік мергені туралы дерек шынайы емес.