Швеция сексті спорт түрі ретінде тіркеді ме?

Жақында әлеуметтік желі мен медиада “Швеция сексті спорт түрі ретінде тіркеді, жуырда Еуропада алғашқы чемпионат өтеді” деген мәлімдеме тарады. “Проверено” басылымы ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Тараған ақпарат бойынша, чемпионат 8 маусымда Швецияның Гетеборг қаласында өтеді-міс. Бұл туралы бірқатар жерде хабарланды (мұнда, мұнда, мұнда).

Швеция сексті спорт түрі ретінде тіркеді ме?

Бұқаралық ақпарат құралдары дереккөз ретінде Швеция секс федерациясының сайтына сілтеме жасаған. Сайтта жарыс туралы жазылғаны рас, бірақ онда секстің ресми түрде спорт болғаны айтылмаған. Сайттың “Біз туралы” бөлімінде ақпарат анық емес. Онда федерациясының (SSF) 2016 жылы құрылғаны және «SSF жеті жылдағы қажырлы жұмысынан соң ұйымдастыруды үйренгені, швед билігі оларды спорттың алты түрінен жаттығатын және жарысатын ұйым ретінде қабылдап, мақұлдағаны» айтылған.

Швед секс федерациясы жай ғана веб-сайт емес, тіркелген ұйым. Мұны швед реестрі растайды. SSF негізін қалаушы — Драган Братич. Ол бұрын елдегі барлық стриптиз-клуб желісін басқарған, бірақ 2020 жылы оған “салық төлеуден жалтарды” деген айып тағылып, кәсіппен айналысуға тыйым салынды. Десе де оның кейбір клубы әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатқан секілді.

Братич 2023 жылғы қаңтарда жыныстық қатынасты спорт ретінде тіркеуге өтініш берген. Алайда Швеция спорт конфедерациясының өкілі Бьорн Эриксон мұны “ақымақтық” деп, тіркеуден бас тартты. Братичқа бұл жауап ұнамай, өзінің Facebook парақшасына ренішін жазған.

Дегенмен Швеция мұны спорт ретінде тіркеп-тіркемегеніне қарамастан, елде чемпионат өтуі мүмкін. Мария Задравец деген хорватиялық порноактриса Kosmo.at сайтына берген сұқбатында сайысқа қатысатынын айтқан.

Factcheck.kz