Ресейлік әскердің Украина тұрғындарына жасаған 171 зорлығы тіркелді

Украинадағы бас прокурордың кеңсесі соғыс кезінде Ресей әскерлерінің Украина тұрғындарына жасаған жыныстық зорлық-зомбылығына қатысты 171 жағдайды тергеп жатыр. Бұл туралы Украина президентінің әйелі Елена Зеленская United for Justice конференциясында мәлімдеді деп хабарлады Deutsche Welle.

Бас прокуратураның хабарлауынша, жыныстық зорлыққа әйелдер ғана емес, ерлер мен балалар да ұшыраған.

Бұл сан әйелдерге ғана қатысты емес. Зардап шеккендердің арасында 39 ер адам, 13 кәмелетке толмаған бала бар. Ең бастысы, біз бұл туралы адамдардың ашық айтуға күші жеткендіктен ғана біліп отырмыз. Ал қаншасы үнсіз [қиналып жүргенін], әсіресе басып алған аумақтарда не болып жатқанын білмейміз.

Елена Зеленская

БҰҰ мәліметінше, жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер — 4 – 82 жас аралығындағылар.

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриштің айтуынша, халықаралық ұйым Ресей әскери күшінің Украина тұрғындарына жасаған жыныстық зорлық-зомбылықтың ондаған жағдайын тіркеген. Сонымен қатар БҰҰ бейбіт азаматтардың жоғалуы, ұсталуына қатысты жүздеген жағдайды құжаттаған.

Factcheck.kz