Ресейде 24 наурыз аза тұту күні деп жарияланды

Ресей президенті Владимир Путин 24 наурызды Мәскеу түбіндегі “Крокус сити холдағы” теракт құрбандарын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы “Крокус сити холл” концерт залдың ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Кейінгі мәлімет бойынша, аталған концерт залдағы атыс пен өрттің салдарынан кемінде 115 адам қаза болған. Қаза болғандар артуы мүмкін.

Путин “Крокус сити холда” болған терактіні “қанды оқиға” деп атап, адамдарды құтқаруға көмектескеннің бәріне алғыс айтты. Президенттің айтуынша, Мәскеу мен Ресейдің өзге аймақтарында терроризмге қарсы қосымша күрес шаралары жүріп жатыр.

Сонымен бірге ол оқиғаға кінәлілер жазаланатынын мәлімдеді. Терактіге қатысы барлар ұсталғанын да атап өтті.

Factcheck.kz