Pfizer-дің коронавирусқа қарсы вакцинасында графен оксиді бар ма?

Әлеуметтік желіде Pfizer компаниясының Covid-19-ға қарсы вакцинасында графен оксиді (пандемияда қатысты жалған ақпарат науқанында белсенді қолданылған тақырып) бар екені туралы мағлұмат тарады. Agence France-Presse деректің рас-өтірігін тексерді.

“Pfizer құжатында вакцинада графен оксиді бар екенін мойындады”, – делінген 2023 жылғы 22 наурызда Twitter-де жарияланған индонезия тіліндегі хабарламада. Оған қоса онда Pfizer файлдары бар сайтқа сілтеме және құжатты қалай жүктеу керек екенін көрсететін видео бар.

Видеода Pfizer логотипі бар, 2020 жылғы 27 желтоқсандағы “SARS-CoV-2 (P2S) гликопротеинінің вакцина антигені ретіндегі құрылымдық және биофизикалық сипаттамасы” деген құжат көрсетілген (архив сілтеме).

“Графен оксиді” сөзі құжаттың жетінші бетінде “3.4 Крио-ЭМ P2 S” тақырыбынан кейін ерекшеленген.

Индонезияның басқа әлеуметтік медиа пайдаланушылары да Pfizer құжатының мәлімдемесін Twitter және Facebook-те бөлісті (мұнда және мұнда).

Графен оксиді — әлемдегі ең жұқа материал болып саналатын графен туындысы (архив сілтеме). Алғаш рет 2004 жылы бөлінген графен — бактерияға және вирусқа қарсы қасиеттері бар наноматериал (мұнда және мұнда).

Дәл осыған ұқсас мәлімдеме ағылшын, испан, француз, неміс, голланд тілінде тарады.

Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

Вакциналарда (мен білетін вакциналарда) графен оксиді жоқ“, — деді AFP-ке Лейден университетінде вакцина әзірлейтіндердің бірі Гидеон Керстен (архив сілтеме).

Еуропалық медицина агенттігі “бағалағанда я қазіргі сынақтарында COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның графен оксидімен ластанғанына қатысты нақты дәлелдер таппады. Оған қоса ол дәрі-дәрмектегі көмекші зат емес”, – деді ұйымның өкілі Алессандро Фая AFP-ке.

Pfizer өкілінің айтуынша, графен оксиді Pfizer-Biontech COVID-19 вакцинасын өндіруде қолданылмайды. Pfizer сайтында да талқыланып жатқан вакцинаның құрамында графен оксиді бар екені айтылмаған.

Pfizer өкілі құжаттың түпнұсқа екенін растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Алайда құжаттың жетінші бетіндегі сөйлемде: “TwinStrep таңбаланған P2 S үшін 0,5 мг/мл концентрациядағы 4 μL тазартылған ақуыз квантифойлдың алтын торларына (перфорацияланған тірек пленкасы — ред.) R1, 2/1, 3 300 графен оксидімен қапталған торларға қолданылды”, – делінген.

Сарапшылар AFP-ке бұл сипаттама Pfizer вакцинасының компоненттерімен емес, SARS-CoV-2 вирусын зерттеу әдісімен байланысты екенін айтты.

Уругвай вирусологы Сантьяго Миразоның айтуынша, бұл құжат биологияда, биофизикада және биохимияда кеңінен қолданылатын криоэлектрон микроскопия әдісіне қатысты.

Ақуыз орналасқан жерде өте кішкентай графен оксиді торлары қолданылады, содан кейін электрон микроскопия жасалады. Бұл материалдың масақ тәрізді ақуыздың ғана емес, кез келген ақуыздың құрылымын анықтау қабілетін жақсартатыны дәлелденді“, – деді Миразо.

Аргентинадағы IBYME-CONICET иммунопатология зертханасының зерттеушісі Николас Торрес те бұған келіседі. Оның айтуынша, криоэлектрон микроскопиясында графен оксидінен басқа алтын бөлшектер, басқа қосынды түрлері қолданылады, бірақ олардың техниканың бөлігі мен вакцинаның құрамына ешқандай қатысы жоқ.

Factcheck.kz