Нәрестелерге салатын К дәрумені қауіпті ме?

Instagram-да америкалық жүргізуші Алекс Джонстың 2018 жылғы шоуының үзіндісі тарады (тікелей сілтеме, архив сілтеме). Онда әлемнің көптеген елінде жаңа туған нәрестелерге салатын К дәрумені екпесінің қауіпті екені айтылған. USA Today фактчекерлері мамандарға жүгініп, екпеге қатысты деректі тексеріп көрді.

“Жаңа туған нәрестелерге салатын К дәрумені екпесінің құрамында не бар? Олар балаларымызды ондаған жыл бойы улап келді”, – делінген видеода. Пост екі аптада 10 мыңнан астам лайк жинады. Сол сұхбаттың толығырақ үзіндісі YouTube-қа жарияланды.

Алайда медицина мамандарының айтуынша, К дәрумені екпесінің компоненттері қауіпсіз. Бұл екпе жаңа туған нәрестеде қан кетуді болдырмауға көмектеседі. Сәбидегі қан кетуді бақылау өте қиын.

Көпшілік арасында тараған видеода фармацевтика компаниясының бұрынғы өкілі Брэнди Воган. Ол 2020 жылы, қайтыс болғанға дейін фармацевтика өнеркәсібіне қарсы шыққан ұйымдарды басқарды. Сұхбатта ол екпе компоненттерінің, дәруменнің, полисорбат 80 және алюминийдің қауіпсіз екеніне күмән келтіретіні жайында сөз қозғайды.

Дегенмен медицина мамандары қорқыныштың негізсіз екенін айтады. Қосымша компоненттер, нақты айтсақ, тұрақтандырғыш пен буферлер екпені тасымалдағанда немесе сақтағанда тиімділігі кетпес үшін қажет. Оған қоса олар табиғатта да кездеседі, ал препарат құрамында мөлшері өте аз әрі қауіп төндірмейді.

“Екпе, дәрумендегі компонент бала бір күні өсіп, қолын аузына салғанда немесе балмұздақ жегенде кездестіретін тұрақтандырғыш пен буфер мөлшерінен әлдеқайда аз, – деді Колорадо университеті UCHealth ауруханасының педиатры Кристин Голд.

Ол К дәрумені екпесінің қауіпсіз әрі өмірді сақтайтынын айтады.

Ана, ұрық және неонаталь медицина туралы журналдың 2013 жылғы санында К дәруменінен соң нәрестеде анафилактика шогы болғаны туралы жазылған. Басылым авторлары мәлімдеуінше, көптеген елде 60 жылдан бері К дәрумені екпесі сәбидің бұлшықет ішіне енгізіледі, бірақ бұл уақыт аралығында ешкімде ешқашан препаратқа мұндай реакция болмаған. Бұл – алғашқы жағдай.

Мичиган университетінің CS Mott балалар ауруханасы сайтында жаңа туған нәрестелерде полисорбат 80 сияқты май қышқылдарының полиоксиэтилденген туындыларына аллергия реакциясы болуы мүмкін емес екенін жазған, себебі олардың иммун жүйесі “мүмкін аллергендерді әлі сезбейді”.

Wise Health System брошюрасындағы ақпаратқа сәйкес, К дәрумені екпесіндегі алюминий өндірісте кездейсоқ түсіп кетуі мүмкін және оның мөлшері бір дозада 0,05 микрограммнан аспайды. Бұл нәресте қоспасындағы алюминий концентрациясына қарағанда әлдеқайда аз.

К дәрумені екпесін 1961 жылы америкалық педиатрия академиясы ұсынған. Олар бұл препарат ағзадағы қанның ұюы үшін өте маңызды екенін алға тартты. Жаңа туған нәрестенің ағзасында К дәрумені аз, сол себепті оларда алты айына дейін қан кету қаупі жоғары. Сондықтан да сәби қажет мөлшердегі дәруменді алу үшін көп тамақ ішеді.

Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметінше, екпені алмаған балаларда К дәрумені жетіспеуінен қан кету ықтималығы 81 есе жоғары.

Factcheck.kz