Ніл өзенінің суы қызыл болып кеткені рас па?

Биыл интернетте Ніл өзенінің суы қызыл болып кеткені туралы ақпарат тарады. Тіпті оны дәлелдейтін видео тарап жүр деседі. “Проверено” фактчекерлері өзенге қатысты ақпаратты және роликті тексерді.

Ніл өзенінің қып-қызыл болып тұрған видеосы Tiktok-та, Facebook-та, Youtube-та, Instagram-да жарияланды.

20 секундқа созылған кадрда ондағы өзеннің Мысырдағы Ніл екенін дәлелдейтін белгісі жоқ. Мысырдың тұрғындары мен туристері де қызылға боялған Нілдің басқа видеоларын желіге салмаған. Оның үстіне, Instagram-да Нілдің қызыл емес, әдеттегі түстегі фото мен видеосы көп. Оған қоса фактчекерлер бірде-бір беделді басылымнан Ніл суының қызыл боп кеткені туралы ақпарат таппады.

Ал судың қызыл, күлгін түске айналуы — ғылыми тұрғыдан нақты түсіндірілетін құбылыс. Бірақ адамдар мұндай өзен-суды көргенде оны ақыр заманмен байланыстырып кетеді. Мысалы, 2014 жылы Испанияның солтүстік-батысындағы бір ауылдағы субұрқақтың суы қып-қызыл болып кеткен. Мұны көрген тұрғындар шошыған-ды. Дегенмен нәтижесінде субұрқаққа жай ғана қып-қызыл кішкентай балдырлар түсіп кеткені белгілі болды.

Сонымен қатар Чилиде Лагуна-Роха деген өзен бар. Оның суының түсі — күлгін-қызыл. Кейбір мәлімет бойынша, оның да себебі — балдырдар. Айтпақшы, көпшілік арасында тараған видеодағы өзеннің жан-жағындағы пейзаж осы Лагуна-Роханыкіне қатты ұқсайды.

Осылайша, Ніл өзенінің суы қызылға боялғанын растайтын нақты ақпарат жоқ. Ал тараған видеода Ніл емес, Лагуна-Роха өзені бейнеленген.

Factcheck.kz