Мысырлық танктер ХАМАС-қа көмекке жіберілді ме?

14 қазанда Youtube-та бір видео жарияланды. Онда әскери іс-қимыл мен жаттығулар, Израилдың премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың суреті бейнеленген. “Мысыр израилдық соғысқа қосылады! Жүздеген танк Газаға кірді! Мұсылман елдер кек алуға уәде берді“, – делінген видеоның тақырыбында. USA Today роликті және оған қатысты ақпаратты тексеріп көрді.

CrowdTangle әлеуметтік медианы талдау құралының мәліметі бойынша, бейне төрт күн ішінде Facebook-те 400-ден астам рет қайта жарияланды. YouTube-тағы қаралымы 1,4 миллионнан асты.

Дегенмен мысырлық танктердің Газаға кіргені туралы сенімді дерек табылмады. Мысырдың соғыс қимылдарына қосылғаны туралы мәлімет жоқ. YouTube-тағы видео оның дәлелі бола алмайды. Роликте әскери қимылдың бейнеленгені рас, бірақ мысырлықтардың танктері Газада жүргені көрсетілмейді. Оған қоса видеода «көрсетілген кадрлар иллюстрация мақсатында» деген ескерту бар.

Ал Youtube-тың бір қолданушысы: “Мысырлықтар Израильмен соғысу үшін Мысыр әскерін Палестинаға жіберуді талап етіп, көшелерде шерулер ұйымдастырып жатыр“, – деді.

Мысыр мен Израиль 1979 жылдан бері бейбіт өмір сүріп келеді. Атлантикалық кеңес жариялаған мақаладағы ақпарат бойынша, Батыс елдері Мысыр Израиль мен Палестина арасындағы конфликтіде делдал болатынына сенеді. NBC News дерегінше, бұл елдің билігі ХАМАС тұтқындаған екі адамның босауына ықпал етті.

Factcheck.kz