Мектеп формасы оқушының сабақ үлгерімін жақсарта ма?

Жыл сайын 1 қыркүйек таяғанда көпшіліктің мектеп формасына қатысты пікірі екіге бөлінеді. Мысалы, кейбірі “мектеп формасы баланың оқу үлгеріміне оң әсер етеді” дейді. “Проверено” фактчекерлері мәлімдемені тексеріп көрді.

Мектеп формасының оқушының үлгерімін жақсартатыны туралы ақпарат көбіне киім-кешекке арналған сайтта жарияланған (мұнда, мұнда, мұнда). Кейбірінде, тіпті, нақты статистика көрсетілген — форма киюді міндеттеу оқу үлгерімін 60%-ке арттырады-мыс. Бір қызығы, ондағы деректер нақты зерттеуге сілтеме көрсетпеген.

Бірқатар елде мектеп формасының міндетті болуы жөнінде пікірталас жүріп жатқанымен, мұндай киім үлгісінің оқу процесіне ықпалы туралы жоғары, сапалы зерттеу аз. Британиялық Education Endowment Foundation қайырымдылық ұйымының мәліметінше, қазіргі уақытта мектеп формасының оқушылардың үлгеріміне әсер ететінін растайтын нақты дәлел жоқ. Оған қоса ұйым бірыңғай форманың пайдасын айтатын зерттеулер бар екенін айтады. Бірақ оған саны шектеулі оқушы қатысқан, сол себепті оның нәтижесін нақты деуге келмейді.

2022 жылы Огайо университетінің зерттеушілері ұзақ мерзімді жалпыамерикалық зерттеудің деректерін қарастырды. Ол зерттеуге 5-сыныпқа дейінгі 6 320 бала қатысты. Оның жартысы мектеп формасын киюге міндеттейтін білім ордасына, тағы бір жарты бөлігі киім үлгісін міндеттемеген мектепке барған. Нәтижесінде зерттеушілер “мектеп формасының баланың сабаққа деген ынтасына оң әсері бар” деген мәлімдемені растай алмады.

Жаңа Зеландиядағы Отаго университетінің 2021 жылғы зерттеуі де мектеп формасының пайдасына қатысты жеткілікті деректер таппады.

Аустралияның Сидней университетіндегі ғалымдар 2016 жылы зерттеуін жариялады. Онда мектеп формасы оқушының тәртібіне қалай ықпал ететіні баяндалған. Зерттеушілер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының оқушыларды бағалайтын халықаралық бағдарламасы базасына (PISA) жүгінген. Зерттеушілер PISA мәліметіне сүйеніп, мектеп формасы міндеттеп-міндеттемеген елдерді тізіп, бес критерий бойынша қарастырған: оқушылардың мұғалімді қаншалық тыңдайтынына, сабақтың уақытылы басталып-басталмайтынына, сыныпта қанша бала және қаншалық қатты шулайтынына назар аударған. Зерттеу нәтижесі мектеп формасының мектептегі тәртіп пен баланың оқу процесіне оң әсер ететінін көрсеткен. Бірақ зерттеушілер мектептегі тәртіпке ең әуелі оқытушыларға байланысты екенін, ал мектеп формасы – тәртіп орнатудың қосымша құралы ғана екенін атап өтті.

Қорытындыласақ, мектеп формасының оқушының үлгеріміне әсері туралы зерттеу аз. Дегенмен кейбірі киім үлгісінің оң әсер ететініне сенеді. Бірақ әлі күнге дейін мектеп формасының баланың сабаққа деген ынтасына ықпалын растайтын нақты дәлел жоқ.

Factcheck.kz