Масктың “робот-әйелмен” түскен фотосы рас па?

Нигерия мен Эфиопиядағы әлеуметтік желі қолданушылары арасында миллиардер Илон Масктың фотосы тарады. Онда кәсіпкер мен оның 2023 жылғы қыркүйекте сатылымға шығатын «робот-әйелі» бейнеленген-міс. Жеіде тараған хабарламалар бойынша болашақта робот-әйелдер адамдарды алмастыруы да ықтимал. Agence France Press фактчекерлері суреттің қаншалық шын екенін тексеріп көрді.

«Илон Маск пен оның компаниясы робот-әйелді жасаудың соңғы сатысында. Робот-әйелдерді жеткізу 2023 жылғы қыркүйекте басталады деп жоспарланып отыр. Олар Африкаға 2023 жылғы қарашаға дейін жеткізіледі», – делінген 2023 жылғы 16 мамырдағы Facebook жазбасында.

Посттағы суреттерде Маск бірнеше робот-әйелмен құшақтасып, сүйісіп тұр. Бұл жазбаны адамдар 13 мың рет бөліскен.

Масктың "робот-әйелмен" түскен фотосы рас па?

Оған қоса Масктың робот-әйелдері аккумулятор арқылы жұмыс істейді және құны 3 000 долларға дейін болады деседі.

Алайда бұл мәлімдеме жалған.

Тұрмыста немесе адамдарды толығымен алмастыратын әйел-роботтар сатылымға шықпады. Хабарламаның жиі таралуына әйелдерге қатысты қоғамдағы басыңқы нарративтер себеп болса керек.

Фактчекерлер кері іздеу жүйесі арқылы бұл суреттерді Guerrero Art деген Facebook қолданушысы 2023 жылғы 3 мамырда “Жасанды интеллект өнерінің ғаламы” парақшасына жариялағанын анықтады.

Бұл парақша жұмысында жасанды интеллектіні қолданғанды жақсы көретіндерге арналған орын ретінде сипатталған. Авторлар жасанды интеллект арқылы жасалған суреттерді, соның ішінде 2023 жылғы 21 мамырдағы Масктың басқа роботтармен және ұшатын көлікпен фотосын да жарияланған.

Масктың "робот-әйелмен" түскен фотосы рас па?


Ұшатын көлік жазбасында Guerrero Art аккаунтының атауы бар. Guerrero Art-тың Instagram парақшасында да басқа роботтардың суреттері бар. Ондағы посттың бірінің пікір жазатын жеріне қолданушы суреттің қалай жасалғанын сұраған. Автор фото үшін Midjourney (мәтінді кескінге айналдыратын ЖИ жүйесі) қолданылғанын айтты.

Оған қоса фактчекерлер суретті үлкейтіп қарағанда одан жасанды интеллект жасайтын ақауларды тапты. Мысалы, робот-әйелдің оң қолының саусақтары бұралып қалған, ал сақина саусақтары екіге бөлінген.

Маск «қауіпті, қайталанатын немесе қызықсыз тапсырмаларды орындауға қабілетті» гуманоид роботтар жасайтын Tesla технология компаниясын басқарады. 2023 жылғы 16 мамырда компания «Tesla Bot-ы» енді баяу жүріп, заттарды жинай алатынын мәлімдеді. Бірақ сайтында робот-әйел жасағаны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ал Tesla компаниясының жарнама материалдарында көрсетілген роботтарда адамдыкіндей бет-әлпет жоқ.

Factcheck.kz