Қытайда суға батқан адамды құтқаруға болмайтыны рас па?

Желіде Қытайда суға батқан адамды құтқаруға болмайтыны туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5). Мұндай тыйым заңда қарастырылған деседі. “Проверено” фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.

Алайда “Проверено” басылымы Қытай Халық Республикасының Конституциясынан да, Қылмыстық кодексінен де суға батқан адамды құтқаруға не басқа да зардап шеккендерге көмектесуге тыйым салған заңды таппады.

Адамды құтқаруға және оның тағдырына араласуға тыйым салуды талап ететін қытай философиясы туралы айтсақ, онда ақпарат таратып жүрген авторлардың не айтқысы келгені түсініксіз. Дәстүрлі қытай философиясы — буддизмнің, даосизмнің және конфуцийшілдіктің қосындысы. Бұл діни-философиялық ағымдар Қытайда кеңінен тараған. Бірақ фактчекерлер олардың ешқайсынан мұндай тыйымды таппады. Тіпті, Қытай философы Мэн-Цзы: “Суға батқан адамға көмектеспеу — қасқыр не гиенасың деген сөз“, – деп айтқан.

2014 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда күн сайын орта есеппен 160-тан астам адам суға бататынын хабарлады. Олардың басым бөлігі — 5-14 жас аралығындағы балалар. 2017 жылы медиада Хайнань провинциясындағы бастауыш және орта мектеп оқушыларының 80%-і жүзу білмейтінін жазған. Сәйкесінше, Қытайдағы адамдардың суға батқандарға көмектеспеуінің себебі тыйымда емес, жай ғана жүзе алмауында болуы мүмкін.

Оған қоса БАҚ суға батқан адамдарды құтқарғандар жөнінде де талай жаңалық таратты. Бірақ құтқарғандарды көмегі үшін түрмеге қамамаған. Мысалы, 2020 жылы британ дипломаты Стивен Эллисон Чунцин қаласының маңында орналасқан ауылдағы өзенге құлап, батып кете жаздаған әйелді құтқарып қалған. Осы оқиғадан соң, ол қытай тіліндегі әлеуметтік желіде танымал болып, қаһарман атанды. Тіпті, оның ерлігін Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі жоғары бағалады.

2023 жылы Бейжіңде тұратын Пэн Цинлин деген курьер суға батып бара жатқан әйелді құтқару үшін көпірден секірген. Кейін оған ерлігі үшін өзі істеген азық-түлік жеткізумен айналысатын компания мен қала басшылығы сыйақы берді. Оған қоса университетте тегін оқуға мүмкіндік алды.

Дегенмен Қытай тұрғындарының зардап шеккен адамға көмектесуге асықпайтыны да бар. Көбі оқиғаға мән бермеу я болмаса сырттан бақылау қауіпсіз деп ойлайды, себебі көмектескен адамның үстінен де арыз түсуі әбден мүмкін.

Мысалы, 2006 жылы Нанкин қаласында Пэн Юй деген ер адам автобус аялдамасында құлап қалған әйелге көмектесіп, ауруханаға апарған. Кейін дәл сол зардап шеккен әйел оның үстінен сотқа арыз жазған. Әйел оны Пэн Юй итеріп, құлатқанын, кейін кінәсін жуу үшін ауруханаға апарғанын мәлімдеген. Екі тарап та нақты дәлел келтіре алмаса да, сот ер адамды айыптап, әйелдің алған емінің 40%-ін — 45 000 юань төлеуге міндеттеді. Бір қызығы, Қытайда мұндай оқиға көп. Тіпті, бұл елде “фарфорға тию” деген түсінік қалыптасты. Алаяқтар зардап шеккен кейіп танытады, кейін өзіне көмек берген адамның үстінен арыз жазып, өтемақы талап етеді. Осындай жағдайдан соң қытайлықтың көбі бөтен біреуге көмектесуге тырыспайды.

2017 жылы Қытай билігі бұл жағдайды реттеу үшін жаңа заң енгізді. Оған сәйкес, зардап шеккендерге, ауруға шалдыққан, қауіп төнген не басқа да көмекке мұқтаж адамдарға өз еркімен шұғыл көмек берген адам оған байқаусызда зиян келтірсе, азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылмайды.

Қорытындыласақ, Қытайда суға батқандарды құтқаруға және жалпы зардап шеккендерге көмектесуге болмайтыны жөніндегі ақпарат — жалған.

Factcheck.kz