Қытайда биік жартаста дүңгіршек орналасқан ба?

Қытайда жартаста – 120 метр биікте дүңгіршек орналасқан деседі. Ол тәулік бойы істейді-міс. “Проверено” басылымы деректі тексерді.

Бірқатар ресурс дүңгіршектің қауіпті әрі ыңғайсыз жерде салынғанын жазған (1, 2, 3, 4, 5).

Қытайлық медианың мәліметі бойынша, мұндай дүңгіршек шынымен де бар. Ол Қытайдағы Синьюжай ұлттық геологиялық саябағында орналасқан. Экстремалды ұнататын адамдар бұл жартасқа өрмелейді, жаяу серуендейді, зиплайн арқылы сырғанайды. Адамдар жартастағы “Виа Феррата” деген маршрут бойынан кішкентай дүңгіршекті кезіктіре алады. Дүңгіршек жартастың шетінде тұр. Оның фотосы Хунань провинциясының мәдениет және туризм департаментінің сайтында жарияланған.

Дүңгіршек 2017 жылы салынған, бірақ бір жылдан соң ашылған. Бұл дүңгіршек альпинистер үшін ашылған. Олар ол жерден бір бөтелке су тегін ала алады, қосымша сусындар мен жеуге болатын заттар сатып ала алады. Дүңгіршектегі тауардың бағасы басқа супермаркеттегімен бірдей.


Дүңгіршектің аумағы – небәрі 2м². Онда бір ғана адам істейді. Дүңгіршекке жету үшін қызметкер де, альпинистер де жартастың үстіне шығады. Кейде дүкенде сатушы болмайды. Мұндай кезде альпинистер QR-код арқылы төлеп, қалаған затын алады.

Дүңгіршек тәулік бойы емес, 08.00-17.00 аралығы істейді.

Factcheck.kz