Қырымда Елена Зеленскаяның ресейлік төлқұжаты табылды ма?

2023 жылы қыркүйекте Украинаның бірінші ханымы Елена Зеленскаяның ресейлік төлқұжаты бар екені туралы ақпарат тарады. Оның паспорты Қырымның оң жағалауында орналасқан Ялтадағы пәтерінде жасырып қойған сөмкесінен табылды деседі. “Проверено” фактчекерлері деректі тексерді.

Владимир Зеленскийдің кірісі мен мүлкі туралы декларацияға сәйкес, Украина президентінің әйелі 2013 жылы Ялтада пентхаус сатып алған. 2023 жылғы мамырда Қырым билігі Зеленскаяның пәтері аймақтың меншігіне өткенін хабарлады. Ал 2023 жылғы қыркүйекте бір видео тарады. Онда дәл осы пәтердің құнын бағалау үшін тінтіген кезі бейнеленген және сол уақытта Зеленскаяның сөмкесінен ақша мен Ресей азаматы екенін растайтын төлқұжаты табылған деседі.

“Проверено” басылымы видеоны алғаш болып 28 қыркүйекте «Қырым біздікі» деген қырымдық Telegram-арналар таратқанын анықтады. Бірақ олар екі күннен соң жазбаны өшіріп тастаған. Дегенмен бұл ақпарат кейін “Қырымның жаңалықтары” арнасында, «Севастополь info» арнасында жарияланды. Осыдан кейін көптеген медиа мен желі беттерінде тарай бастады. (1, 2, 3, 4, 5).

Алайда бұл төлқұжат — фейк. Оны бірнеше белгісінен байқауға болады. Біріншіден, 2014 жылғы 9 сәуірде берілді деген құжатта Украина президентінің сайтына және әлеуметтік желіге 2023 жылғы 20 наурызда жарияланған Зеленскаяның суреті қолданылған. Фото Вильнюсте Украина мен Литваның бірінші ханымдарының бастамасымен құрылған украин орталығының жұмысы туралы жазбаларға салынған. Сонымен қатар Зеленскаяның суреті сәл ертерек — 2023 жылғы ақпанның соңында түсірілген.

Екіншіден, ондағы Зеленскаяның суреті ресейлік төлқұжат үшін қолданылатын фотоға қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Паспортта адам эмоциясыз болуы керек. Бірақ бұл фотода Зеленская күлімсіреп тұр. Оған қоса фотода бейнеленген Зеленскаяның беті фотоның 70-80% аймағын алып тұрған жоқ.

Қырымда Елена Зеленскаяның ресейлік төлқұжаты табылды ма?

Үшіншіден, екінші бетте төлқұжатты «Ресей Федерацияның көші-қон қызметінің Қырым Республикасы бойынша Орталық Симферополь аймағындағы департаменті» бергені көрсетілген. Бірақ ондағы “республика” сөзі орыс тілі ережесі бойынша дұрыс септеліп жазылмаған. Үшінші бетіндегі мәтінде де қате көп.

Осылайша, Зеленскаяның ресейлік төлқұжаты — фейк. Сәйкесінше, оның Ялтадағы пәтерден табылғаны да жалған.

Factcheck.kz