Қырғызстанда жарылғыш зат бар фонарьлар шашылып жатыр ма?

Жақында Қырғызстанның бірнеше елді-мекенінде батареяның орнына, жарылғыш зат қойылған фонарьлар шашылып жатыр деседі. Суретте жасыл және қызыл фонарь бейнеленген. Factcheck.kg-дағы әріптестеріміз ақпаратты тексеріп көрді.

Фактчекерлер Google Lens арқылы суретті іздеп көрді. Нәтижесінде фотоның бірнеше сайтта жарияланғанын анықтады.

Бұл сурет дәл осындай мәлімдемен Ресейдің Анапа қаласындағы чаттарда да тарап жүргені белгілі болды.

Кубань 24 мәліметі бойынша, Анапа қаласының муниципалды басқару орталығы жарылғыш заттары бар фонарьлар туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл хабарламалар жалған. Қаланың жауапты қызметтері білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр», деп хабарлады Aнапаның МБ Telegram-да.

Дәл осындай хабарламалар Ресейдің Воронеж қаласындағы чаттарда да тарады. Бірақ қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі бұл ақпараттың жалған екенін хабарлады. Оның үстіне Белорустің Брест облысындағы, Украинаның Энергодар мен Харьков облысындағы әлеуметтік желі қолданушылары арасында жарылғыш заттары бар фонарьлар туралы хабар тарады. Ақпаратты Харьков облысына кіретін Первомайск қаласының әкімдігі де жоққа шығарды.

Осылайша, фонарьлар туралы жалпы ақпарат фейк.

Factcheck.kz