Әйгілі ғарыш тұманының фотосын “Хаббл” телескопы арқылы түсірген бе?

Көптен бері интернетте алпауыт газ бен шаңнан құралған бұлттың фотосы тарады. “Тыныштық пен тұман” деп аталатын суретті “Хаббл” телескопы түсіріп алған деседі. Snopes фактчекерлері деректі тексеріп көрді.

Фото Facebook, Pinterest және Instagram сияқты әлеуметтік желі мен сайттарда кем дегенде 2017 жылдан бері тарап жүр.

Әйгілі ғарыш тұманының фотосын "Хаббл" телескопы арқылы түсірген бе?

Алайда бұл “Хаббл” телескопы арқылы түсірілген фото емес. Тіпті мұнда бейнеленген құбылыс табиғатта жоқ.

Фактчекерлер NASA-ның “Хабблдың тұман галереясы” фотолар топтамасынан осы суреттегіге ұқсайтын ғарыш нысанын таппады. NASA-ның сайтына “Тыныштық пен тұман” деп жазса да, ештеңе шықпайды.

Алайда суретшілер қауымдастығының DeviantArt сайтында суреттің авторы деп Casperium деген әлдекімді атаған. Оның бұл суреті DeviantArt сайтына ең алғаш 2012 жылы жарияланған.

Сайттағы посттың астына көптеген адам суреттің желіде тарап жүргенін жазған. Ал автор суретті жүктегендермен байланысқа шығатынын, өшіруді талап ететінін жазған. Оған қоса Casperium: “Көбінің сипаттамасы қате жазылған. Өкінішке қарай, көбі оны NASA-ның суреті деп ойлайды екен. Хабар бергеніңізге рахмет”,– деген.

Осылайша, желіде тараған ғарыш тұманы “Хаббл” телескопы арқылы түсірілмеген. Оған қоса ол фото емес, Casperium деген атпен танымал суретшінің салған картинасы.

Factcheck.kz