Құқық қорғау ұйымдары интернетті бұғаттауға рұқсат беретін заңнаманы алып тастауды талап етті

Құқық қорғау ұйымдарының каолициясы елдегі интернетті бұғаттауға, оны баяулатуға рұқсат беретін заңды алып тастауды, азаматтарға сапалы интернетке кепіл беруді талап етіп, петиция бастады.

Құқық қорғаушылар петицияны Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министрге, Парламент спикерлеріне және Конституциялық сот төрағасына жолдады. Оған қоса қазақстандықтарды осы петицияға қол қоюға шақырды.

Петиция мен ауқымды науқанды ұйымдастырушыларының сөзінше, интернет – адам өмірінің барлық саласында қажет маңызды нәрсе. Ол коммуникация құралы рөлінен әлдеқашан асып кеткен.

Билік халықтың қауіпсіздігі үшін интернетті бұғаттайтынын алға тартады. Дегенмен дүниежүзі тәжірибесі, статистикасы, мысалдары, соның ішінде Қазақстан тәжірибесі интернетті бұғаттау іс жүзінде деструктив шара екенін көрсетті. Шатдаун адам құқығы мен бостандығын бұзады. Сонымен қатар халық интернет арқылы қылмыс жөнінде хабарлай алмаса, құқық бұзушылық артады. Қоғам ашық болуын доғарады.

Пресс-релиздегі хабарлама

Петиция авторларының айтуынша, интернетті бұғаттау не баялату тек азаматтарға емес, елдегі кәсіпке де зиянын тигізеді. Шатдаун ақпараттық саясаттың әлсіз екенін көрсетіп, мемлекет қабылдаған шешімдерге халықтың сенімін азайтады. Интернет халыққа күнделікті өмірде, әсіресе, қиын жағдайда ақпарат бөлісу үшін керек.

2022 жылғы 4-10 қаңтар аралығы тәуелсіз Қазақстанда “Қанды Қаңтар” болды. Сол уақытта елде интернет бұғатталды. Бұл оқиға бүгінге дейін заңды баға берілмеген алғашқы толыққанды құлдырау болды. Интернет өшкендіктен, қырғын болып жатқан аймақтарға барып, оққа ұшқан адамдардың саны әлі де белгісіз. Петиция бастамашылары қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеуге шақырады.

Кейбіреулер интернетті шектеу мен бұғаттауды жалған ақпараттың таралуына, араздық пен өшпенділіктің өршуіне жол бермеу, оған қоса заңсыз наразылықты басу үшін деп жақтайды. Дегенмен интернетті бұғаттау азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні және жалған ақпараттың таралуына жол бермейтіні туралы ешқандай дәлел жоқ.

Пресс-релиздегі хабарлама.

Олар бұған дәлел ретінде Қаңтар қырғынында ұсталған қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың ісін айтты. Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік телеарналар музыкантты “террорист” деп көрсеткен. Дегенмен кейін ол ақталып шықты. Бұл жағдай интернетті шектеу, керісінше, жалған ақпараттың тарауына себеп болатынын көрсетті.

Қатесін қайталамай, қазақстандықтардың интернетке қол жеткізу құқығын сақтаудың орнына, үкімет жемқорлық ықтималдығы жоғары және бұл ретте мәселенің мәнін шешпейтін аса қатыгез “ақ тізімдер” тәжірибесіне көшуді ұйғарды.

Пресс-релиздегі хабарлама

Петициядан бөлек бастамашылар Қазақстан соттарына, оның ішінде Конституциялық сотқа ұжымдық арыз түсіруді жоспарлап отыр.

Науқан бастамашылары – Eurasian Digital Foundation, MediaNet Халықаралық журналистика орталығы, Құқықтық медиа орталығы, Erkindik Qanaty, Digital Paradigm, Internet Freedom Qazaqstan, “Азаматтық сараптама” Қоғамдық Қоры, Роскомсвобода, Сетевые свободы, Access Now.

Factcheck.kz