Қазақстанда эскорт-қызметтің заңды екені рас па?

Instagram-да блогер Евгений Акатовтың бір видеосы тарап жүр. Онда ол “Қазақстан эскорт-қызметті заңдастырды” деп мәлімдеді.

Блогердің айтуынша, 96090 деген нөмірдегі экономикалық қызметтің жалпы классификатордың ішіне “эскорт, таныстыру қызметі, неке қию агенттері” кіреді.

“Енді елде заңды бордельдердің ашылғанын асыға күтеміз”, – деді видеоның соңында ол. Бордель — секс-қызмет көрсететін орын.

Factcheck.kg-дағы әріптестеріміз Акатовтың сөзі қаншалық рас екенін тексерді.

Экономикалық қызметтің жалпы классификаторы — экономикалық қызмет түрлерін жүйелейтін бес таңбалы код. Кәсіпкерлер өз қызметін тіркегенде өзінің бағытына сәйкес келетін нақты ОКЭД кодын таңдауы керек. Осы кодына байланысты кәсіпкерлер есеп береді, салық төлейді және белгілі бір жеңілдіктерге ие болады.

Евгений Акатов видеода 96090 деген ОКЭД кодын көрсетеді. Basta.kz мәліметі бойынша, бұл код «басқа топтарға кірмейтін басқа қызметтерді көрсету» дегенді білдіреді. Бұл Қазақстанда кең тараған қызмет түрінің бірі болып саналады.

96090 деген ОКЭД кодына шынымен “эскорт қызметін көрсету, танысу қызметі және неке бюросы” кіреді. Оған қоса мыналар жатады:

  • Астрологиялық және рухани әрекеттер;
  • Үй жануарларын ұстау бойынша қызметтерді көрсету, соның ішінде оларды оқыту және күту және тағы басқа;
  • Шежіре зерттеу жұмыстары;
  • Татуировка және пирсиң салондарының қызметі;
  • Аяқкиім тазалайтындардың, автотұрақтағы көмекшілердің қызметі және тағы басқа;
  • Фотомашиналар, таразы машиналары, қан қысымды өлшеуге арналған жабдықтар, сақтау камералары және тағы басқа.

Үкім: Шындық әрі манипуляция

Эскорт-қызмет экономикалық қызметтің жалпы классификаторына кіретіні рас. Бұл Қазақстан аумағында тыйым салынған қызмет түрі емес. Алайда видеодағы блогер эскорт-қызметті “бордельге” теңеген. Осылай, ол манипуляция жасап отыр. Себебі Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 309 бабы бойынша, сутенерлік қызмет көрсеткендерге, притон ашқандарға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал бұл классификацияға жататын эскорт секс-қызмет көрсетуді емес, жай бағыт көрсетуді меңзейді.

Factcheck.kz