Илон Маск “ЕО азаматтарына жұмыс істеудің қажеті жоқ” деді ме?

Жақында Facebook-те СNN жүргізушісі Кэйтлин Коллинздің видеосы жарияланды. Онда ол миллиардер Илон Маскқа қатысты қаржы жаңалығын сөз етеді. USA Today бейнені және ондағы ақпаратты тексеріп көрді.

“Енді Еуроодақ азаматының барлығына жұмыс істеудің қажеті жоқ. Бұл туралы бүгінгі қонағымыз, инвестицияға қатысты жаңа жобаны ұсынатын Илон Маск мәлімдеді” , – деді Коллинз. Кейін ол Масктың еуропалық азаматтарға «күніне 5 700 еуро табыс табуға» мүмкіндік беретін «бағдарламалық сауда құралын» әзірлегенін түсіндірді.

Репортажда Масктың аудиторияға өз жобасы туралы айтып жатқаны көрсетіледі. Видео сегіз күнде он мыңдаған қаралым жинаған.

Алайда фактчекерлер видеода Коллинз бен Масктың дипфейгі бейнеленгенін анықтады.

Түпнұсқа кадрлар 13 шілдеде CNN-ге шыққан “Кейтлин Коллинздің дереккөзі” деген трансляциядан алынған. Бағдарлама шығарылымдары Ақ үйден табылған кокаинге қатысты зерттеу, 6 қаңтардағы америкалықтардың протесі, президент болуға үміткер Корнел Уэстің сұқбаты сияқты тақырыптарға арналды. Тізімде Илон Маск жоқ.

Масктың бейнесі АҚШ-тың Техас штаты, Остин қаласында жыл сайын өтетін Tesla акционерлерінің жиынында түсірілген видеодан алынған. Онда кәсіпкер автокөлік компаниясының қаражаты, жаңадан шығатын жүк көлігі туралы ақпаратты бөліседі. Бірақ ол Еуропалық одақ азаматтарына қатысты ештеңе айтпаған.

Қорытындыласақ, Коллинздің де, Масктың да артикуляциясы дипфейк-технология арқылы өңделген.

Factcheck.kz