Грузия парламенті «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» заң қабылдады

Грузия парламенті жаппай наразылық тудырған «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заңға қарсылардың айтуынша, ол Ресейдің «шетел агенттері туралы» заңы сияқты болады. Бұл туралы BBC News орыс қызметі хабарлады.

Бұл – биліктегі «Грузин арманы» партиясының заң жобасын қабылдауға екінші әрекеті. 2023 жылғы наурызда құжат ауқымды наразылықтарға байланысты кері қайтарылды. Жаңа жобаның бұрынғысынан еш айырмашылығы жоқ деуге болады. Тек «шетелдің ықпал агенті» деген сөз «шетелдік державаның мүддесін көздейтін ұйым» деген сөзбен ауыстырылды. Мұндай ұйым ретінде қаржыландырудың 20%-тен астамын шетелден алатын үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ саналады.

Премьер-министр Ираклий Кобахидзедің айтуынша, бұл заң грант алатындардың қаржыға қатысты ашық ақпарат беруі үшін керек. Дегенмен оппозиция өкілдері бұл заңды тәуелсіз журналистерді, саясаткерлерді және үкіметтік емес ұйымдарды қудалау үшін қолданып жүрген Ресейдің «шетел агенттері» заңнамасына ұқсас деп санайды. Грузия президенті Саломе Зурабишвили де заң жобасына қарсылық білдіріп, оған вето қоятынын айтты.

Тбилисиде парламентте заң жобасын талқылау барысында жаппай наразылық шерулері өтті. Полицейлермен қақтығыс нәтижесінде екі тәулікте 25 адам ұсталды. Полиция бір офицердің жарақат алғанын, көмекке мұқтаж екенін айтты. Парламенттің өзінде де қақтығыстар болды – Азаматтар партиясының депутаты Александр Елисашвили «Грузин арманы» партиясының хатшысы Мамук Мдинарадзені ұрып жіберді, содан кейін төбелеске басқа депутаттар да қосылды.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz