Гормонал контрацептивтер бедеулікке әкеле ме?

Кейбір адам жүкті болмас үшін гормонал контрацептивтерін қолданады. Дегенмен енді біреулер оның бедеулікке әкелетінін айтады. “Проверено” фактчекерлері деректі тексеріп көрді.

Гормонал контрацептивтерін ішкен адам бедеу болатынына қатысты ақпарат бірқатар жерде жарияланды (1, 2)

Гормонал контрацепцияның түрі көп, сол себепті оның әсер ету ұзақтығы да әртүрлі. Мысалы, әйелдер гормонал спиральді әдетте бес жылға салдырады. Бұл уақыт аралығында оның жүкті болу мүмкіндігі (Перлдің индексі 0,1-ден 0,3-ке дейін) шынымен де төмен. Ал “Депровера” сияқты ине арқылы салынатын гормонал контрацептивтер үш ай қорғайды. Бұл уақыт ішінде әйел жүкті бола алмайды. Гормонал контрацептивтің ауыз қуысы арқылы қабылдайтын, яғни кәдімгі дәрі күйіндегі түрі бар. Оны күнделікті белгілі бір уақытта ішіп отыру қажет. Әйел бір күн ұмытып кетсе, жүкті болып қалуы әбден мүмкін.

Әдетте оны әзірлейтіндер нұсқауында препаратты қабылдауды тоқтатқан соң, қанша уақытта жүкті болуы мүмкін екенін жазады. Мысалы, әйел гормонал спиралін алып тастағаннан кейін, бір ай ішінде 20%, жарты жылда 60%, бір жылда 90% жүкті болу мүмкіндігі бар. Ал екпе түрін алған әйел мен оның серіктесі 18 айдан кейін бала сүйе алады. Гормонал дәріні ішкен әйелдің 56%-і алғашқы үш айда, 95%-і бір жылда жүкті болады.

Салыстырсақ, гормонал контрацептив қабылдамаған адамның әр циклде жүкті болу ықтималы —  20%. Алты айдан соң балалы болғысы келетін жұптың 74%-інің жоспары орындалып жатады. Бір жылда 93%-і жүкті болады, яғни әйелдің гормонал контрацептив қолданып-қолданбағаны оның жүкті болу көрсеткішін айтарлықтай өзгертпейді.

Оның үстіне, ауыз қуысы арқылы қабылдайтын контрацептив ребаунд эффектіне әкелуі мүмкін. Адам екі-үш ай препаратты ішіп, кейін оны тоқтатқан соң жұмыртқа белсенді істеп, жүкті болу көрсеткіші жоғарылауы мүмкін.

Осылайша, “гормонал контрацептив бедеулікке әкеледі” деген ақпарат дәлелденбеген.

Factcheck.kz