“Фейк контент журналистикаға қауіп төндірді”: баспасөз еркіндігіне қатысты 2023 жылғы есеп

3 мамыр —  Дүниежүзілік баспасөз күні «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы 180 елдегі баспасөз еркіндігіне қатысты жыл сайынғы есебін жариялады. Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінің 21-шығарылымында саяси, әлеуметтік және технология күйзелістерінен медиада қандай маңызды өзгерістер болғаны баяндалған. Бұл материалда Factcheck.kz редакциясы есептің қорытындысын шолып шықты. Спойлер: хәліміз мүшкіл

Сауалнамаға қатысқан 70% елдегі сөз еркіндігі “нашар” деп бағаланды: 31 мемлекетте баспасөз еркіндігі “мүшкіл жағдайда”, 42 елде “нашар”, 55 мемлекеттегі сөз бостандығында “проблема бар” екені жазылған. Тек 52 мемлекет “қанағаттанарлық” немесе “жақсы” деген баға алды.

Баспасөз еркіндігі тәуелсіз журналистерге, жалпы журналистика қауымдастығына ақпаратты саяси, экономика, құқықтық және қоғамдық күштердің қыспағысыз, халық мүддесі үшін таратуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге журналистер физикалық және психология қаупіне ұшырамай, қызметін атқара алуы керек.

Көшбасшылар мен аутсайдерлер

Жеті жылдан бері ұйым рейтиңінің бірінші орнында Норвегия тұр. Дегенмен биыл Ирландия төрт сатыға көтеріліп, екінші орынға шықты. Үштікке Дания кірді. Журналист Р. де Вриса Питердің өлімінен соң 2021 жылы Нидерланды 28-орынға түсіп қалған еді, биыл қайта 6-орынға жайғасты.

Рейтиңнің төменгі позицияларында да өзгерістер бар. Вьетнам мен Қытай көрсеткіші төмендеген. Олар 178 және 179-орында. 2022 жылы Вьетнам билігі барлық дерлік тәуелсіз журналист пен комментатордың көзін жойды. Ал Қытай әлі күнге дейін ең көп пропаганда жасайтын және журналистерді қудалайтын көшбасшы ел болып саналады. Тізімнің соңында Солтүстік Корея тұр.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының бас хатшысы Кристоф Делуардың айтуынша, биылғы рейтиңде жағымды да, жағымсыз да өзгерістер бар. Мәселен, Бразилияда да көрсеткішін жақсартып, 18 орынға жоғарылады. Ал Сенегал 31 орынға, Қазақстан 12 орынға, Қырғызстан 50 позицияға төмендеді. Мұндай күрт құлдырау – мемлекеттің агрессив саясатының және әлеуметтік желіде, қоғамда журналистерге деген өшпенділіктің өсуінің салдары. Оған қоса кейінгі кездері дезинформация кеңінен тарап жатыр. Осылайша, фейк ақпарат елдегі жағдайдың нашарлауының тағы бір себебіне айналды.

Негізгі қауіптер

Фейктер

Ұйымның 2023 жылғы есебі дезинформация индустриясының баспасөз бостандығына ықпалын айқын көрсетті. Сауалнамаға қатысқан 180 елдің 118-і саяси қайраткерлердің қандай да бір жолмен жалған ақпарат пен үгіт-насихат науқандарына қатысқанын айтқан. Тұрақты әрі жаппай таралатын фейктер дұрыс-бұрыс ақпараттың, факт пен фантастиканың ара-жігін ажыратуды қиындатады. Салдарынан жұрт сапалы журналистика мен оның өкілдеріне деген сенімін жоғалтады.

Жасанды интеллект

Жасанды интеллект дезинформацияның түрлі түрін шығаратын құралдың біріне айналды. Кейінгі уақытта Midjourney бағдарламасы жасаған суреттердің оңай әрі жылдам тарайтынын байқадық. Дональд Трамптың қамауға алынған, Владимир Путиннің қытайлық көшбасшы Си Цзиньпиннің алдында тізерлеген, Джулиан Ассанждың түрмедегі фейк суреттері тарады. Бір қарағанда фотоның рас-өтірігін ажырату қиын.

Ресей пропагандасы

Дүниежүзіндегі жағдай Ресей пропагандасының тарауына әсер етті. 2023 жылғы рейтиңде Ресей 9 позицияға төмендеп, 164-орынға жайғасты. Оған қоса бұл ел қауіпсіздігі бойынша “ең төмен баға” алды. Мәскеу аз уақыт ішінде Украина және басқа елдерде басып алынған жерлер туралы Кремль пропагандасын тарататын медиа компаниясын құрып үлгерді. Оған қоса Ресей билігі БАҚ-қа қысым көрсетуді екі есе күшейтті: тәуелсіз медианы “қажетсіз ұйым” немесе “шетел агенті” деп атады, лицензияларын тартып алды.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстандағы тәуелсіз онлайн-медиа біртіндеп жақсарып келеді, бірақ сонымен қатар БАҚ пен сөз еркіндігінің соңғы панасы болған интернет те репрессия әдістерімен бақыланады.

Қазақстан билігі мемлекеттік БАҚ арқылы жылы шырайлы көзқарастағы ақпарат пен пропаганданы таратып жатыр. Дегенмен аз болса да, елде тәуелсіз медиа бар: есепте Vlast.kzУральскую неделя,  ҚазТАГ ақпарат агенттіктері аталған. Оған қоса PROTENGE, «За нами уже выехали» және «Гиперборей» сияқты тәуелсіз журналистердің жасаған онлайн-жобалары айтылған.

Қазақстан билігі ақпаратты бақылау үшін Қаңтар қырғынындағыдай қудалау, қамау, интернетті шектеу немесе бұғаттау сияқты түрлі әдісті қолданып жатыр. Конституцияда цензураға тыйым салынған, бірақ іс жүзінде ол әлі бар. Сонымен қатар еліміздің заңнамасында жалған ақпарат таратуға қатысты қылмыстық жаза қарастырылған, дегенмен дереккөздің құпиялығы құқығы сот шешімімен оңай жойылуы мүмкін. Ал Масс-медиа туралы заңның қазіргі реформасы мемлекеттің БАҚ-ты бақылауын одан әрі күшейтеді.

Қазақстандық журналистерге бірнеше себепке байланысты қызметін атқару қиын. Қоғам тәуелсіз журналистерге емес, әлеуметтік желідегі блогерлерге және аноним арналарға сенеді. Тәуелсіз медиа көпшілікке жат көзқарасты қолдаса, оларға “сатқындық жасады” деген айып тағылады. Оған қоса журналистер жұмыс кезінде билік өкілдері мен жеке тұлғалардың зорлық-зомбылығына ұшырайды.

Методология

Масс-медиа туралы заңға қатысты материалда баспасөз еркіндігі деңгейін бағалау қалай және қандай критерийлер негізінде жүргізілетінін егжей-тегжейлі жаздық. Мына сілтеме арқылы рейтиң жасау үшін қолданылатын сауалнаманы жүктеуіңізге болады.

Factcheck.kz