Әлеуметтік желіде The Guardian басылымының скриншоттары тарады. Онда үй жануарларынан бас тарту керек екені жазылған. Кейбірі мұны “Билл Гейтстің идеясын тарату жолы және жаһандық жылынумен күрестің бір бөлігі” деді. Reuters фактчекерлері белгілі басылымның мұндай ақпарат жариялап-жарияламағанын және нені меңзегенін анықтап көрді.
The Guardian скриншоттарында мысық пен ит бейнеленген, ал тақырыбында: «Үй жануарларына қарсы: мысықтар мен иттерден бас тартатын кез келді ме?» деп жазылған.
Алайда скриншотпен бірге жаһандық жылыну туралы өтірік ақпар таратындардың жазбалары да жарияланған.
«Климаттың өзгергенімен күресу үшін үй жануарыңыздан бас тарта алар ма едіңіз? The Guardian-ға демеушілік жасаған Билл Гейтс сізге мұны істеу керек екенін айтады», – деп жазылған басқа посттарда. Бұл жазбалар Facebook-те жарияланды, ал X-тегі жазбалардың бірі 225 мың рет қаралды.
Дегенмен The Guardian Reuters-ке жазған электрон хатында: “Мақалада климаттың өзгергені емес, үй жануарларына иелік ету этикасы талқыланады. Көптеген жаңалықтар ұйымы сияқты Guardian да бірқатар қордан, соның ішінде Билл мен Мелинда Гейтс қорынан журналистиканың мамандандырылған салаларын қолдау үшін гранттар алады. Билл және Мелинда Гейтс қоры біздің ғаламдық даму сайтымызды ішінара қаржыландырады. Біздің барлық қолдау арқылы жасалған контентіміз (мысалы, Гейтс қорының гранты бойынша) қаржыландыру жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес”.
Сөйтіп, фактчекерлер ақпарат бұрмаланған деген қорытындыға келді. Мақала үй жануарынан бас тартуға емес, үй жануарларын бағу этикасы туралы.