Башар Асад самитте Зеленскийді тыңдағысы келмей, құлаққабын шешіп тастады ма?

2023 жылғы 19 мамырда Сауд Арабиясының Жидда қаласында Араб елдері лигасының (LAS) жыл сайынғы саммиті өтті. Ұзақ үзілістен соң іс-шараға алғаш рет Сирия президенті Башар Асад бастаған делегация қатысты – елдің ұйымдағы мүшелігі азаматтық соғысқа байланысты 2011 жылы тоқтаған еді, кейін форумға аз уақыт қалғанда қалпына келтірілді. Украина президенті Владимир Зеленский де саммиттің арнайы қонағы болды. Ол араб әлемінің өкілдері алдында сөз сөйледі. Кейбір медиа мен Telegram арналарының мәліметінше, Украина президенті сөйлегенде Асад синхрон аудармаға арналған құлаққабын шешіп тастаған. “Проверено” фактчекерлерін Сирия президентінің бұл әрекеті туралы хабарлама қызықтырды.

Біріншіден, бұл оқиға туралы жазған басылымның көбі дереккөз ретінде блогер Джексон Хинклдің Twitter-іне сілтеме жасаған. Ол YouTube-тағы танымал арнаны жүргізеді және видеолары мен жазбаларында ресейшіл екенін жасырмайды.

Екіншіден, БАҚ пен Telegram арналарында саммит қатысушыларының хабарламасы я Зеленскийдің сөзінің алдында не сөйлегенде Асадтың аудармаға арналған құлаққапты шешіп тастаған сәті түсірілген эпизод жоқ.

Үшіншіден, Украина президентінің сөзінің жазбасын оның баспасөз қызметі, France 24 және Sky News Arabic телеарналары жариялады. Кадрда Асад жоқ, бірақ жазбада кейбір араб басшының Зеленскийді құлаққапсыз тыңдағанын көруге болады. Бұл таңғаларлық жағдай емес, өйткені Украина президенті Араб елдері лигасының саммитінде ағылшын тілінде сөйледі. Көптеген мемлекет басшылары сияқты Башар Асад та шет тілдерін біледі. Кіші Асад — дәрігер, ол 1988 жылы Дамаск университетін бітірген. Өмірбаянына қатысты мақалалардағы ақпарат бойынша, ол ағылшын тілін жетік меңгерген. 1992 жылы ол оқуын жалғастыру үшін Лондонға барып, онда екі жыл тұрды. Негізі әкесінің орнына оның ағасы президент болуы керек еді. Бірақ ағасы жол апатынан қаза тапқан соң Башар Асад елге оралуға, оның орнын басуға мәжбүр болды.

Ел басқарған 25 жылында Асад шетел медиаларына талай рет ағылшын тілінде сұқбат берді (мұнда, мұнда, мұнда және мұнда).

Осылайша, “Башар Асад Араб елдері лигасы саммитінде Владимир Зеленскийді тыңдағысы келмей, құлаққабын әдейі шешіп тастады” деген мәлімдемені дәлелдейтін дерек жоқ. Сирия президенті ағылшын тілін жақсы біледі, сондықтан Украина президентінің ағылшын тіліндегі сөзін түсіну үшін оған синхрон аудармашының көмегі қажеті шамалы.

Factcheck.kz