АҚШ-тағы жұмыртқа тапшылығына Билл Гейтстің қатысы бар ма?

Желіде “миллиардер Билл Гейтстің ауыл шаруашылығындағы белсенділігі АҚШ-та тауық жұмыртқасының тапшылығын тудырды” деген ақпарат тарады. Алайда Agence France-Presse (AFP) фактчекерлері мәлімдеменің фейк екенін анықтады.

“Әлемде табиғи апат болмай тұрып, көрегенділікпен инвестиция жасайтын Билл Гейтс жұмыртқа бағасы көтерілгенге дейін жасанды жұмыртқаға инвестиция салған”,-делінген NewsPunch сайтының 2023 жылғы 30 қаңтардағы мақаласында.

The Gateway Pundit сайты да Гейтстің ауыл шаруашылығы жерлері мен АҚШ-та жұмыртқаның жетіспеуін байланыстырып жазды.

Microsoft негізін қалаушы Гейтс кең ауылшаруашылық жерлеріне ие. Оған қоса кәсіпкер бүгінге дейін дәстүрлі балама ауылшаруашылық өнімдеріне қаражат салып келді. Алайда миллиардердің қызметі жұмыртқа тапшылығына ықпал еткеніне қатысты ешқандай дәлел жоқ.

“Қазір жұмыртқа тапшылығы құс тұмауының өршуінен пайда болды”,-деді агенттікке Джорджия университетінің ауылшаруашылық және қоршаған орта ғылымдары колледжінің доценті Лилон Чай.

Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері АҚШ-та құстың 58 миллионнан астамы құс тұмауымен ауырған. Доцент Чайдың сөзінше, 40 миллионнан астам жұмыртқалайтын тауық өлген, салдарынан ел аумағында жұмыртқа тапшы болды. Оған қоса ол жағдайды қайта қалпына келтіру үшін біраз уақыт қажет екенін айтады. Сонымен бірге жұмыртқа жетіспеуінің тағы бір себебі — пандемия салдары мен Ресейдің Украинаға басып кіруі. Соғыс жем тапшылығы мен жанармай бағасының өсуіне әкелді.

Land Report журналының 2021 жылғы зерттеуіне сәйкес, Билл Гейтс “Америкадағы ең ірі жеке ауылшаруашылық жерінің иесі”. Дегенмен бұл миллиардер АҚШ-тың ауыл шаруашылығы жерінің көбіне иелік етеді дегенді білдірмейді. Гейтс 2023 жылғы 11 қаңтарда Reddit-ке өзіне АҚШ-тағы ауылшаруашылық жерлерінің тек 1/4000-нан аз бөлігі тиесілі екенін, оның инвестициясы фермалардың өнімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.

Гейтстің Gates Ventures венчурлық компаниясы AFP-ке миллиарлдердің елде жұмыртқа жетіспеуіне қатысы бар екені туралы хабарламаның жалған екенін мәлімдеді.

Контекст

Әлеуметтік желіде Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс жануарлардың генетикасын жақсарту үшін оларға екпе салмақ деген ақпарат тарады. Фактчекерлер деректің рас-өтірігін тексерді.

Factcheck.kz