АҚШ тұрғыны 4 долларға алған картинасын 2,4 миллион долларға сатты ма?

“АҚШ тұрғыны арзан картинаны сатып алып, қайта сатып, байып кетті” деген ақпараттың тарағанына біраз жыл болды. Snopes фактчекерлері деректің рас-өтірігін 2000 жылы тексерген, десе де мәлімдеме — әлі күнге дейін халық арасында қызық әрі өзекті тақырып.

1989 жылы Филадельфиядағы қаржы аналитигі Пенсильвания штаты Адамстаун қаласындағы базардан 4 долларға картина сатып алады. Оған кенептегі сурет емес, оның ағаш жақтауы ғана ұнаған екен. Алайда сатып алушы картинаны қолына алған бетте оның жақтауы үгітіліп кеткен. Суреттің жаңа иесі жақтаудың қаншалық жарамды екенін тексеріп жатқанда кенеп пен ағаш төсеніштің арасынан бүктелген қағазды тауып алады. Ол Тәуелсіздік декларациясының ескі көшірмесі болып шығады.

Сараптамалық талдау нәтижесінде табылған құжат АҚШ-тың 1776 жылғы Тәуелсіздік декларациясының бірінші басылымының ресми 500 көшірмесінің бірі екені анықталды. Осы күнге дейін мұндай көшірменің 23-і табылған.

Картина иесі 1991 жылғы 4 маусымда құжатты Sotheby’s аукционына сатылымға шығарған. Құжат өзі ойлағаннан да көп табыс әкелген. Алғашында ол 800 мың доллар — 1,2 миллион доллар аралығындағы сомаға бағаланған. Дегенмен соңында 2,42 миллион долларға сатылған.

Snopes-тың хабарлауынша, 2006 жылы дәл осыған ұқсас оқиға болған. Теннеси штатындағы Нашвилл қаласында Майкл Спаркс деген бір кісі жаппай сатылымдағы ескі заттар арасынан сарғайып кеткен құжатты көріп қалып, оны 2,48 долларға сатып алады. Үйіне келіп, интернеттен ақпарат іздеп, қолында 1820 жылы АҚШ-тың 6-президенті Джон Куинси Адамстың тапсырмасымен жасалған Тәуелсіздік декларациясының “200 ресми көшірмесінің” бірі екенін білген. Майкл Спаркс құжаттың тұпнұсқа екеніне көз жеткізуге бір жыл жұмсаған. 2007 жылы картинаны 477,6 мың долларға сатып жіберген.

Factcheck.kz