АҚШ мектептеріне шабуыл жасаған қылмыскердің бәрі еркек пе?

27 наурызда АҚШ-тың Теннесси штаты Нашвилл қаласындағы Covenant School христиан мектебіне шабуыл жасалды, салдарынан 3 бала мен 3 ересек адам қаза тапты. Алғашқыда медиа атысты әйел адам ұйымдастырғанын хабарлады. Кейін тәртіп сақшылары қылмыскер 28 жастағы трансгендер әйел Одри Хейл екенін анықтады. Осы оқиғадан соң желіде “Осыған дейін АҚШ мектептерінде болған барлық скулшутиңді ер адамдар ұйымдастырған. Covenant School мектебіндегі жағдай – әйел жасаған ең бірінші атыс” деген ақпарат тарады. Snopes фактчекерлері деректі тексеріп көрді.

Фактчекерлердің хабарлауынша, бүгінге дейін америкалық мектептерде болған атыс оқиғасының көбін ерлер ұйымдастырғаны рас. Дегенмен бір ерекше жағдай бар. 1979 жылғы 29 қаңтарда 16 жастағы Бренда Спенсер әкесі берген винтовкамен Сан-Диегодағы бастауыш мектепке шабуыл жасаған. 50 жылдан кейін San Diego Tribune басылымы бұл жағдай туралы былай жазды:

16 жастағы Спенсер әкесі Рождествоға сыйлаған оптикалық нысана көздегіші бар винтовкасымен Лейк-Атлин-авеню көшесіндегі үйіне қарсы бетте орналасқан бастауыш мектепке бара жатқан оқушыларға оқ атқан. Ол 36 рет атты, 11-і нысанаға тиді. Спенсер мектепте 20 минуттай шабуылдап, кейін өзімен телефон арқылы хабарласқан тілшіге: «Маған дүйсенбі ұнамайды. Бұл – көңіл-күйімді көтерудің бір жолы», – деген.

Сонымен қатар 2021 жылғы мамырда Айдаходағы Регби орта мектебінде скулшутиң болған, салдарынан үш адам жарақаттанған. Ол атысты 6-сыныпта оқитын қыз жасаған.

Осылайша, бүгінге дейін АҚШ мектептеріне шабуылдағандардың арасында әйелдер де бар болып шықты.

Factcheck.kz