13 ел экологияны қорғау үшін ауыл шаруашылығын жоймақ па?

2023 жылғы 4 маусымда The European Union Times басылымына халықаралық экология шарасы туралы мақала жарияланды. Оның тақырыбында “13 ел ғаламшарды құтқару үшін ауыл шаруашылығын жоюға келісті”,- делінген. USA Today фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.

Crowdtangle деген әлеуметтік медианы зерттейтін аналитикалық құралдың мәліметі бойынша, Facebook қолданушылары екі айдың ішінде осы ақпаратты мыңнан астам рет бөліскен. Осыған ұқсас мәлімдеме басқа да желілерге жарияланды.

Фактчекерлер талқыланып жатқан мақалада атмосфераға метан шығынын шығаруды азайтуға тырысатын 20-дан астам ұйымның халықаралық альянсы – Жаһандық метан орталығының 17 мамырдағы пресс-релизіне сілтеме көрсетілгенін байқады. Онда 13 елдің, соның ішінде АҚШ-тың өкілдері “ауыл шаруашылығындағы метан шығынын азайтуға міндеттеме алғаны” айтылған. Бірақ пресс-релизде экономиканың бұл саласын толықтай жою туралы ештеңе айтылмаған. 

Жаһандық метан орталығының бас директоры және Чилидегі қоршаған ортаны қорғаудың бұрынғы министрі Марсело Мена USA Today агенттігіне мақаладағы мәлімдеме “мүлдем шындыққа жанаспайды” деді:

2023 жылғы 14 сәуірде ауыл шаруашылығы министрлері мен Бразилия, Аустралия, Уругвай, Аргентина және АҚШ сияқты мал шаруашылығына байланысты жетекші елдердің басшылары Чилидегі министрлер деңгейіндегі кездесуге жиналып, олардың ауылшаруашылық секторларындағы метан шығындарына қатысты маңызды шешім туралы декларацияны қолдады.

Оған қоса Мена электрон поштаға жолдаған хатында былай деді:

Ауылшаруашылық стратегиясы (Global Methane Hub) жергілікті шаруаларға жануарларды азықтандыру және қорғау тәжірибесін жақсарту, сонымен қатар зерттеулерге, әзірлемелерге және озық технологияларға инвестициялау арқылы өнімділігін оңтайландыруға көмектесуге бағытталған.

Осылайша, 13 елдің экологияны қорғау үшін ауылшаруашылығын жойғысы келетіні туралы ақпарат жалған.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz