Жалған | Коронавирустың XBB типі Delta-ға қарағанда 5 есе қауіпті

WhatsApp қолданушылары арасында “СOVID-Omicron ХВВ типі Delta-мен салыстырғанда қауіптірек және 5 есе вирулентті” деген ақпарат тарады. Хабарламада мессенжер қолданушыларына сенім тудыру үшін “Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды” деген сөйлем жазылған.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

  • Жалған | Коронавирустың XBB типі Delta-ға қарағанда 5 есе қауіпті
  • Жалған | Коронавирустың XBB типі Delta-ға қарағанда 5 есе қауіпті
  • Жалған | Коронавирустың XBB типі Delta-ға қарағанда 5 есе қауіпті
  • Жалған | Коронавирустың XBB типі Delta-ға қарағанда 5 есе қауіпті

Жаңа COVID-Omicron xbb вирусының белгілері келесідей: 1. Жөтел жоқ. 2. Дене қызуы болмайды. Мынадай сирек кездесетін жағдай болуы мүмкін: 3. Буын ауруы. 4. Бас ауруы. 5. Мойын ауруы. 6. Арқаңыздың жоғары жағы ауырады. 7. Пневмония. 8. Тәбетіңіз болмайды… СOVID-Omicron ХВВ типі Delta-мен салыстырғанда өлтіру қауіпі көп және 5 есе вирулентті… Covid-Omicron XBB толқынының COVID-19-дың бірінші толқынына қарағанда өлім қаупі көбірек.

WhatsApp-та тараған хабарламадан үзінді

Үкім: Жалған

Желіде тараған ақпаратты бұған дейін Малайзия, Сингапур және т.б. елдердің қолданушылары Facebook-та жариялаған. Кейін қазақстандық желі қолданушылары арасында төте аударма түрінде тарай бастады. СOVID-Omicron ХВВ типі Delta-мен салыстырғанда өлу қауіпі көп және 5 есе вирулентті деген ақпаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растамады. Бұған қоса Сингапур денсаулық сақтау министрлігі Reuters-ке желіде тараған жазбаға еш дәлел жоқ екенін хабарлады.

Толығырақ

Бұл ақпаратты ең алғаш рет малайзиялық Facebook қолданушысы 2022 жылы 1 қарашада жариялады. Кейін Сингапурда, Филиппинде, Мьянма, Үндістан және АҚШ-тың желі қолданушылары арасында “СOVID-Omicron ХВВ типі Delta-мен салыстырғанда өлу қауіпі жоғары және 5 есе вирулентті“(вирустың ағзаға жұғу көрсеткіші) деген жазба тарады.

Сонымен қатар, дәлелсіз ақпаратты Қытай мен Индонезиядағы желі қолданушылары жариялаған. Кейін қазақстандық медиакеңістікке аударма күйінде келе бастады.

Таиланд Чулалонгкорн университетінің профилактикалық медицина кафедрасының профессоры AFP фактчекерлеріне хабарламада ақпарат бұрмаланғанын айтқан. Оның сөзінше, XBB.1.5 бұған дейінгілерге қарағанда қауіпті деп айтуға нақты дәлел жоқ. Сонымен қатар, Рединг университетінің вирусология профессоры Ян Джонс желіде тараған хабарламаны бұрмаланған деп, вакцинаның кез келген инфекция қарсы тұратын ең тиімді әдіс екенін айтты.

ХВВ және XBB 1.5 деген не?

XBB — омикрон штаммының жаңа түрі. Ал XBB.1.5 — XBB типінен тараған. ДДСҰ коронавирустың XBB.1.5 түрі жаппай тарауы мүмкін екенін ескерткен. Бірақ ұйым бұл типті “Омикронға” қарағанда қауіпті деп айтуға негіз жоқ екенін жазды. Ал симптомдары “Омикронның” бұған дейінгі нұсқаларына ұқсайды. Яғни көп жағдайда кәдімгі тұмау секілді өтуі мүмкін.

Контекст

  • BBC дерегінше, АҚШ-та коронавирусты жаңадан жұқтырғандардың 40%-тен астамы XBB.1.5-ке байланысты. Қазір елдегі доминант нұсқаға айналып отыр. Кейінгі апталарда АҚШ-та Covid-19 инфекциясына байланысты ауруханаға жатқандардың саны өсіп жатыр. Елде вирустың бар-жоғын анықтайтын бағдарламалар қайтадан тегін бола бастады.
  • Лондон Императорлық колледжінің профессоры Энди Барклидің сөзінше, XBB.1.5 вирусы вакцина қамтамасыз ететін антиденеге қарсы тұра алмайды. Бұдан бөлек, Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Дэвид Хейманның айтуынша, вакцина салу деңгейі жоғары елдерде XBB.1.5 вирусы қиын жағдай тудырмауға тиіс.
  • Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 12 қаңтардағы дерегі бойынша, елімізде Омикрон XBB нұсқасы анықталмады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz