Су арқылы тырысқақ жұқтырып жатыр: биологиялық диверсия туралы фейк

Мамырдың басында интернеттің орыстілді бөлігінде «Украинадағы жағдайға байланысты биологиялық диверсия» және «Ресейде тырысқақ тарап, соның салдарынан ковидке қарағанда өлім көп болатыны» туралы ақпарат тарай бастады. Әлеуметтік антрополог, Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының аға ғылыми қызметкері Александра Архипованың редакцияға ұсынған дерегі бойынша алғашқы хабарламалар 2 мамыр күні Воронеж облысында пайда болып, Ресей аумағына тез тарап кеткен. Ал ай соңында тырысқақ туралы ақпарат қазақстандық WhatsApp чаттарында пайда болды.

Су арқылы тырысқақ жұқтырып жатыр: биологиялық диверсия туралы фейк
WhatsApp-тағы хабарламаның скриншоты

Үкім: Фейк

Тырысқақ тарайтыны туралы ақпаратты Ресей Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералды қызметі (Роспотребнадзор) мамырдың басында және Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі маусым ортасында жоққа шығарды. Автор сілтеме жасаған ресми құжат бар, бірақ онда «тырысқақ тарайтыны» және «биологиялық диверсия» туралы ештеңе жазылмаған.

Құжатта сырттан тырысқақ тасушылар келіп, ел ішіне тарап кетпеуінің алдын алу шаралары туралы айтылған. Себебі, Украинаның бірнеше қаласындағы соғыс салдарынан санитария жағдайы нашарлап кетті. Сондай-ақ видеода Ресей мен Қазақстанға «төніп тұрған» эпидемия туралы әсіреленген.

Украина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі күні елде тырысқақ ауруы анықталған жоқ. Бірақ Ресей басып кіргендіктен билік өкілдерінде эндемиялық маңызды аудандардағы эпидемиологиялық ахуал туралы толық ақпарат жоқ.

Толығырақ…

Мұндай алып-қашпа әңгіменің тарауына РФ Бас санитар дәрігерінің 26 сәуірдегі қаулысы (тарап жатқан хабарламадағы ресми құжат – ред.) себеп болса керек. Онда Ресейдің оңтүстік аймақтарының басшыларына тырысқақтың «келуін» және тарап кетуінің алдын алу шараларын күшейту керектігі айтылған. Біраз уақыттан бері тырысқақ тіркелмеген өңірге, әсіресе коронавирус пандемиясы енді басылған сәтте мұндай бұйрықтың келуі үрей туғызатыны анық. Өкінішке қарай, мұндай шаралар қолдануға себеп шынында бар, бірақ тырысқақтың пайда болып, оның эпидемия болатындай ауқымда тарауы асыра сілтенген. Ал биологиялық диверсия туралы ақпарат, жоғарыда айтып өткеніміздей, қаулыда жазылмаған. Оны автор Украинада соғыс боп жатқанда тұрғындардың одан сайын үрейін ұшыру үшін қосқан тәрізді.

«Мұндай хабарламалардың мақсаты қай кезде де біреу болатын – жауды азғыру және үрейлі ақпараттың әр адамның өміріне тікелей қатысты екенін жеткізу», – деп пікір білдірді «СТОЛ» басылымына Александра Архипова. Қауіптің әр адамға қатысты екенін көрсету үшін ең жиі қолданылатын және оңай тәсіл – улау туралы өсек. Шартты АҚШ тұрғындарды алаңдатпауы мүмкін, бірақ балаларыңызға қауіп төніп тұрғандығы туралы мессенджердегі хабарлама желі мен чаттарда вирус сияқты тарап кетеді.

Уланған су туралы миф құрылымы бойынша 14 ғасырда құдықтарды улаған еврейлер туралы аңыздарға ұқсайды. Ал семиттер ірімшіктің ішіне ұсақталған науқас бақаларды салған және т.б. Халық арасындағы бәленің бәрі осыдан пайда болған. Осыған ұқсас қала аңыздары Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де тараған. […] Мұндай ақпараттар көбіне өте танымал келеді және күз сайын өзінің шарықтау шегіне жетеді. Бірақ қазір біз жәй алып-қашпа әңгімеге ресми хабарлама қосылып, мүмкіндігінше шындыққа жақындатқанын көріп отырмыз.

Александра Архипова

Бас санитар дәрігердің бұйрығына келер болсақ, инфекционист-дәрігер Дарья Паниеваның айтуынша, санитария бақылауын күшейтуге расында Украинадағы соғыс себеп болған: «Ресей аумағына эндемиялық аудандардың тұрғындары келіп жатыр. Мариуполь су қоймаларында көп жылдан бері тырысқақ вибрионы бөлінеді. Ол жерлерде кей жылдары тырысқақ тараған (1994 ж., 1999 ж., 2011 ж.). Қалада орталық сумен қамту жүйесі жоқ және санитария жағдайы күрт нашарлап кеткен қазіргі уақытта тырысқақ тарау қаупі жоғарылайды. Тұрғындар миграциясы салдарынан тырысқақ РФ аумағына келуі мүмкін (әсіресе, Ростов, Воронеж, Белгород, Курск, Брянск облыстары, Краснодар өңірі, Севастополь сынды жақын аймақтарға). Сол себепті Роспотребнадзор ондай жағдайдың алдын алу шараларын қолданып жатыр».

Өкінішке қарай, эпидемия мен соғыс бір-бірімен тығыз байланысты ұғым: нашар санитария жағдайы, халық тығыздығы, қажетті медициналық көмектің болмауы және адамдардың жаппай көшуі салдарынан инфекция ошағы пайда болып, ауру тез тарап кетуі мүмкін. Бұрын соғыс қимылдарының өзіне қарағанда эпидемиядан адам көбірек өлген. Мәселен, Наполеон соғысы кезінде Британ әскері майдан даласына қарағанда инфекциялық аурулардан 8 есе көп адамын жоғалтқан. АҚШ-тағы Азаматтық соғыс кезінде әскердің үштен екі бөлігі пневмония, сүзек және басқа да инфекциялардан қайтыс болған. Сол себепті бұл ауруларды «үшінші әскер» деп атаған. Соғыс кезіндегі эпидемиядан әскерилер ғана зардап шекпеді: испан пандемиясы Бірінші дүниежүзілік соғыс біткен соң көп ұзамай басталып, ең көп қырғынға ұшыратқан індет ретінде тарихта қалды. Орташа есеп бойынша, вирустан 50-ден 100 миллионға дейін адам көз жұмған.

Бірақ ХХ ғасырдың ортасына қарай санитарлық бақылау жүйесі дамып, вакцинация мен антибиотик қолжетімдірек болғандықтан соғыс қимылдары кезіндегі инфекцияның таралуын азайту мүмкін болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде сырқаттанғандарды тылға жібермей, сол жердегі көшпелі госпитальдерде оқшаулап, емдеген. Осы арқылы аурудың таралуының алдын алған. Арнайы медицина жасақтары дезинфекциямен айналысып, ауызсуды да тазартып отырған. Ал майдандағы гигиеналық жағдайды жақсарту үшін монша-кір жуу және монша-дезинфекция пойыздарын пайдаланған. Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинградта тырысқақтың таралуын тоқтатқан сәтті оқиға тарихқа енді. Микробиолог Зинаида Ермольева бастаған медиктер тобы қоршауға алынған қалада эпидемияны тоқтатқан.

Қазіргі күні де тырысқақ аса қауіпті аурулардың тізімінде болғанымен, дәрігер Ермольеваның жетістігінен көріп отырғанымыздай, заманауи медицина инфекция ошақтарын жылдам тауып, індет жұқтырғандарды емдеуге мүмкіндік береді. Сол себепті, тырысқақ эпидемиясынан коронавирусқа қарағанда көп адам қайтыс болатыны туралы мәлімдеме – жалған.

Контекст

Тырысқақ – тамақ өнімдері немесе су арқылы Vibrio cholerae бактериясы ағзаға түскенде туындайтын жедел инфекция. Тырысқақ вибрионы адам ағзасында токсин түзеді, ол күшті диареяны тудырып, дұрыс емдемесе тез сусыздануға және өлімге әкеп соғады. Дегенмен, ДДСҰ мәліметі бойынша, инфекция жұқтырғандардың көбінде ешқандай белгі байқалмайды, болған күннің өзінде жеңіл немесе бірқалыпты болады. Кейбірінде ғана жедел сулы диарея болып, сусыздандыруға әкеледі. Оған дер кезінде ем-дом жасамаса адам қайтыс болуы мүмкін. Тырысқақтың тағы бір қауіптілігі – өте жұқпалы екенінде. Гигиена және дезинфекция құралдары болмаса тез тарайды. Тырысқақтың емі қарапайым: негізгі және бірінші дәрі – регидрацияға арналған ерітінді (ауыз арқылы, қиын жағдайда – тамыр арқылы). Ол науқастың су-тұз теңгерімін қалпына келтіруге көмектесіп, сусызданудан сақтайды. Кей жағдайларда антибиотик қолданады.

Тағы да айта кетейік, тырысқақ емделмесе ғана өте қауіпті және таза су мен гигиена құралдары жоқ жерде жұқпалы. Сол себепті Ресей немесе Қазақстанда эпидемия туындау қаупі төмен. Қазіргі уақытта соғыс салдарынан қираған қалаларда аурудың таралу қаупі жоғары. Таза ауызсу мен санитарлық бақылау жоқ, кәріз жүйесі мен сумен жабдықтау бүлінген, қарапайым дәрі-дәрмектің жетпеуі – Мариуполь мен Украинаның оңтүстігіндегі басқа қалаларда тырысқақтың таралу мүмкіндігін арттырады. Мұндай қауіп туралы ДДСҰ мен Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің есебінде де айтылған.

Factcheck.kz