Тоқаев пен Әлиев кездесуде орыс тілінде сөйлеуден бас тартты ма?

24 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға ресми сапарынан кейін түрлі медиа мен әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Әзербайжан президенттері кездесуде орыс тілінде сөйлеуден бас тартқаны (мысал: 1, 2, 3, 4, 5), Тоқаев қазақша, Ильхам Әлиев әзербайжан тілінде сөйлегені туралы хабар тарады. Жарияланымдарда бір минутқа созылатын қысқа видеоролик бар, онда мемлекет басшылары ана тілінде сөйлеседі.

Кейбір медиа мұны Ресейдің Украинаға әскери басып кіруімен байланыстырды. Президенттер агрессор елдің тілінде сөйлесу мүмкіндігін жоққа шығарды-мыс. Басқалары Қазақстан осылайша Ресейге «дұшпандық көзқарас» танытып отыр деп есептейді. Енді біреулері, тіпті, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентінің атын жиі қате айтатын Владимир Путинге ренжуі мүмкін деп болжайды.

Tgstat аналитикасы жаңалықтарды таратудың шарықтау шегі 26 тамызда болғанын, ал осы материалды жазу кезінде Telegram каналының өзінде осы тақырыптағы жарияланымдар 3 миллионнан астам көрілімге жеткенін көрсетеді.

Factcheck.kz редакциясы Тоқаев пен Әлиев ресми кездесуде сөйлесу үшін орыс тілін қолданған-қолданбағанын анықтауды жөн көрді.

Мәлімдеме: Қазақстан мен Әзербайжан президенттері кездесуде орыс тілінде сөйлеуден бас тартты.

Үкім: Жалған

Медиада тараған қысқа видеода Тоқаев пен Әлиев сәлемдесу кезінде қазақ және әзербайжан тілдері қолданылған. Алайда сол сапардағы басқа кездесулерде мемлекет басшылары орысша сөйлегені видеорепортаждарға (мысал: мұнда және осында) түсірілген.

Тоқаевтың Әзербайжанға ресми сапары туралы репортаж Khabar NEWS Youtube каналында

Сәлемдесу кадрларында орыс тілінде сөйлемеу нені білдіруі мүмкін екені не бірнәрсе білдіргені туралы болжамдарды талдау фактчекиңге жатпайды. Дегенмен Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің қазақ және әзербайжан тілдерін қолдануы біздің редакциямызға қисынды әрі қалыпты болып көрінетінін айта кеткен жөн.

Тағы да оқыңыз

Тамыз айының басында Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің ресми парақшасында Қазақстанды жасанды мемлекет деп атап, орыстарға геноцид жасады дегенді меңзейтін пост шықты. Бұл жарияланымдағы мәлімдемелер қалай тексерілгенін мына жерден оқуға болады.

Factcheck.kz