Еленовка Зеленскийдің бұйрығымен атқыланды деген ақпарат — фейк

29 шілдеде сепаратистік Донецк халық республикасының (ДХР) Еленовка ауылында орналасқан абақтыда атыс салдарынан украиналық әскери тұтқындар қаза тапты. Ресей тарапының хабарлауынша, Украина қарулы күштері тергеу изоляторына жоғары дәлдікпен дүркіндетіп ататын HIMARS зымыран жүйесімен атқан. Ал Киев бұл ақпаратты жоққа шығарып, “жала жабу” деп атады. Осы тұста ресейлік медиаларда “Украина қарулы күштері президент Владимир Зеленскийдің бұйрығымен Еленовка ауылын HIMARS зымыранымен атқылады” деген ақпарат тарап жатыр. Ресей тарапының ақпаратына сенуге бола ма жоқ па Stopfake.org cайтының фактчекерлері анықтады.

Ресейлік пропаганда не дейді?

29 шілдеден бері ресейлік медиадаларда оның ішінде: РИА Новости, Радио Спутник, Взгляд, РЕН ТВ, Лента.ру, Life.ru, Военное обозрение, Русская весна, «Федеральное агентство новостей», RG.ru және басқа да интернет ресурстар Киевтің Еленовкадағы абақтыны HIMARS зымыранымен атқылағанын және мұны “Зеленскийдің бұйрығымен жасады” деп жазды.

Шынтуайтында 28-нен 29-на қараған түні №210 бұрынғы колонияда жарылыс болған. Болжам бойынша, ол жерде 200-ге жуық адам болған. Олардың барлығы — Ресей тарапы тұтқынға алған Украинаның әскери қызметкерлері. Жарылыс салдарынан 53 адам қаза тауып, 73-і жараланған. Әзірше, нақты деректер жоқ. Себебі Ресей әскері халықаралық гуманитарлық ұйымдардың өкілдерін трагедия болған жерге өткізбей жатыр.

HIMARS жайлы бірінші рет қашан айтылды және аргументтер неге күмәнді?

Жарылыстың болғанына 12 сағат өткен соң пропагандист Андрей Руденконың телеграм арнасында бірінші рет HIMARS туралы айтылды. Ол өзінің телеграм каналында “Еленовка. Түнде РСЗО Himars-пен атқыланғаннан кейінгі алғашқы видео.” деп жазған.

Еленовка Зеленскийдің бұйрығымен атқыланды деген ақпарат — фейк

Украинаның Қорғаныс Министрлігі, Бас барлау басқармасы, Украинаның қауіпсіздік қызметі және Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі өкілі Еленовкадағы жағдайға байланысты бірлескен мәлімдеме жасады. Олар Ресейдің әрекетін “террорлық акт” деп атады. Сонымен бірге, Украина тарапының “зымыран немесе артиллериялық шабуыл жасамағанын” мәлімдеді. Бұған қоса, Еленовкадағы жағдайды “Украинаның әскери тұтқындарын ұйымдасқан түрде өлтіру” деп атады.

Бұдан бөлек, АҚШ-тың соғысты зерттеу институтының (ISW) дерегінше, Еленовкадағы тергеу изоляторындағы жарылыстың салдары HIMARS-қа мүлдем тән емес.

Кремльшіл медиалар тергеу изоляторында өрт болғаннан кейінгі кадрларды жариялады. Олар HIMARS жасайтын соққыға мүлдем ұқсамайды.

ISW есебінен.

Соғысты зерттеу институты “Ресей тарапы көрсеткен үзінділер дәлел бола алмайды” деп мәлімдеді: “РИА Новости HIMARS зымыранының суретін жариялады. Алайда РИА Новости зымыранның Еленовкада табылғанына еш дәлел келтірмеді”, – делінген ISW есебінде.

Еленовка Зеленскийдің бұйрығымен атқыланды деген ақпарат — фейк
Скриншот — t.me/RtrDonetsk. Қабырғалар өртенген. Зымыранның ізі көрінбейді. Жатын орындар аман қалған.

Украинаның қауіпсіздік қызметі (УҚҚ) басқыншылардың телефон арқылы не талқылағанын анықтады. УҚҚ анықтаған аудио Еленовка колониясындағы жарылысқа Ресей әскерлері кінәлі екенін растайды. Аудиоға сәйкес, әскерилердің колониядағы жарылысты жарылғыш зат арқылы жасады деп болжауға болады. Себебі, зымыранның сырттан келген ысқырық дауысы естілмейді.

Бұдан бөлек, УҚҚ желіде тараған видеоларды зерттей келе кейбір терезенің толық аман қалғанын анықтаған. Бұл жарылыстың іште болғанын және қабырғаларды жарылыс толқыны бұзғанын көрсетеді.

Еленовка Зеленскийдің бұйрығымен атқыланды деген ақпарат — фейк
Украиналық әскери тұтқындар қаза болған жер.

Stopfake дерегінше, ресейлік пропаганда Еленовкадағы жарылысқа екі ай дайындалған. Кейін өздерінің мәлімдемелерінде шатасқан. Бастапқыда HIMARS зымыранымен атқылады ма жоқ па білмеген. Ал колонияны Украина әскері орналасқан жерден емес, Ресей әскері басып алған аймақтан атқылаған.

Сонымен қатар, ресейлік пропаганда жиі айтатын HIMARS-пен атқылады деген әңгіме сандырақ. Себебі, ғимарат шатыры да, тіпті кейбір металл төсектер де орнынан жылжымаған.

СNN зерттеуінде не айтылды?

CNN телекомпаниясының жүргізген зерттеуіне сәйкес, Еленовкадағы колонияға HIMARS зымыранымен соққы жасалмаған. Сарапшылар фотоларға анализ жасап, “ғимараттың қабырғалары және шатырдың көп бөлігі аман қалғанына мән беру керек” дейді. Сонымен қатар, HIMARS соққысынан кейін пайда болатын шұңқыр мүлдем көрінбейді.

Еленовка Зеленскийдің бұйрығымен атқыланды деген ақпарат — фейк
Фото: ukrinform.ru

Бұдан бөлек CNN зерттеушілері ресейлік медиада көрсетілген HIMARS-тың сериялық нөмерін тексерген. Зерттеушілердің сөзінше, колонияны расымен HIMARS зымыранымен атқыланған болса өрттен кейін сериялық нөмердің ізі де қалмас еді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz