«Pfizer» сынағынан украиналық балалар қайтыс болғаны рас па?

6 ақпанда ресейшіл медиада (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7) «Клиникалық сынақтан өтпеген Pfizer вакцинасы украиналық балаларды ​​өлтіріп жатыр» деген ақпарат тарады. Онда өзін «Pfizer» компаниясының қызметкері деп таныстырған әйел ағылшын тілінде «Украинадағы эксперименттер» туралы айтып, «құжаттарды» көрсетеді. Factcheck.kz мәліметтің рас-өтірігін тексерді.

Украинада белгілі бір Pfizer препаратын сынау кезінде 40-тан астам бала қайтыс болды. Бұл туралы The Chicago Chronicle интернет-басылымы Украинаға дәрі тасымалдау мен таратуға жауапты және интернетте бірқатар видео жариялаған Pfizer компаниясының Киев бөлімшесіндегі қызметкері Анна Сахноға сілтеп жазады. Ол сынақтың стандарттарды елемегеніне таңғалғанын айтты, өйткені Pfizer әдетте халықаралық тәжірибеге сәйкес зерттеулер жүргізеді.

newdaynews.ru сайтының хабарламасы

Үкім: Фейк

Біріншіден, «Pfizer» ресми сайтында бұл мәлімдемені растайтын сенімді дереккөздер мен дәлелдер табылған жоқ. Компанияның клиникалық сынаққа қатысты деректері кез-келген адам үшін қолжетімді және ашық. «Pfizer»сайтында компания жүргізіп жатқан сынақтарды кілт сөз немесе NCT нөмірі (clinicaltrials.gov-та тіркелген әр эксперименттің бірегей сәйкестендіру коды) арқылы іздеуге болады.

Екіншіден, «Pfizer»-дің өкілдері украиналық stopfake.org редакциясына берген дерегіне сай, қазіргі уақытта Киевте ешқандай зерттеу жүргізілмейді және Анна Сахно есімді қызметкер жұмыс істемейді.

«Pfizer» қандай клиникалық сынақтар өткізеді?

«Pfizer» әртүрлі емдік саланы қамтитын кең ауқымды клиникалық эксперименттерге қатысады: онкология (сүт безі, простата, өкпе обыры және лейкоз, т.б.), вакциналар («СOVID-19»-дан басқа, респираторлық синцитиальды вирусы (RSV), менингококк, Лайм, т.б.), сирек аурулар (Дюшен бұлшықет дистрофиясы (DMD), гемофилия, т.б.), қабыну және иммунология (ревматоидты артрит, ойық жаралы колит және Крон ауруы, т.б.), жүрек-қан тамырлары (гиперлипидемия, жүрек жеткіліксіздігі және қант диабеті, т.б.).

«Pfizer» сынағынан украиналық балалар қайтыс болғаны рас па?
Pfizer компаниясының вакцинаға қатысты сынақтары. 30-қаңтар, 2024

Клиникалық сынақтар — барлық қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін этикаға негізделген қатаң заңдар — «Хельсинки декларациясы» мен «GCP қағидасының» аясында жүзеге асырылады. Жасөспірімдер мен балаларды қамтитын топтардағы вакцинаның қауіпсіздігін бағалау үшін кезең-кезеңмен жүргізілген COVID-19 вакцинасының сынақтары көрнекті мысал бола алады.

Медициналық зерттеудің ережелері

  1. Клиникалық сынақтар этикалық шолу комитетінің мақұлдауын алуы керек. Бұл халықаралық этикалық стандарттарына, соның ішінде балаларды ерекше қорғау қажеттілігін атап көрсететін «Хельсинки Декларациясы» мен «GCP қағидасына» сәйкес келуі тиіс.
  2. Балалардың клиникалық зерттеулерге қатысуы үшін олардың ата-анасынан немесе заңды өкілінен ақпараттандырылған келісім алу қажет. Келісім сынақтың мақсатын, процедураларын, тәуекелдері мен артықшылықтарын мұқият түсіндіруге негізделеді.
  3. Баланың жасына байланысты зерттеушілер оның да келісімін сұрауы мүмкін.
  4. Денсаулық сақтау министрлігі секілді органдар клиникалық сынақтарды бақылап отырады. Бұл құрылымдар сынақтың халықаралық стандарттар мен нұсқауларға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз етеді. Мәселен, АҚШ-та Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) эксперименттердің дұрыс өтуін қадағалайды. Қазақстанда клиникалық зерттеулер жүргізудің талаптары Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген.

Қорытынды

Балаларды клиникалық сынақтарға қатыстыру — олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін медициналық шараларды дамытудағы маңызды қадам. Бұл сынақтар қауіпсіздік пен этиканың ең жоғары стандарттарына сай, реттеуші органдар мен этиканы сақтау кеңестерінің бақылауымен өткізіледі. БҰҰ-ның адам құқықтарын бақылау миссиясы сияқты тәуелсіз органдар мұндай жағдайды жіті қадағалайды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz