Мариупольден кеткен украиналық: Ол жаққа оралсам көзіме мәйіттер елестейді

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға заңсыз басып кіргеннен кейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Украинаға тиесілі “Мариуполь қаласын қоршауы — тарихта қалатын әскери қылмысы” деді. БҰҰ дерегінше, қазіргі Ресей тас талқанын шығарған қаладан 350 000 адам кеткен. Соғысқа дейін мұнда шамамен 450 000 халық тұрған.

Factcheck.kz журналисі Украина астанасы Киевте Мариупольда туып өскен, қазір Киевтен үй алуды жоспарлап жүрген 37 жастағы Валерия Михайленкомен сөйлесті.

Factcheck.kz: Сәлеметсіз бе! Әңгімелесуге уақыт тапқаныңыз үшін көп рахмет. Соғысқа дейінгі өміріңізді айтып берсеңіз?

Валерия Михайленко: Менің туым өскен жерім Мариуполь. Негізі мен Мариупольдың маныңдағы Азовэлектросталь дейтін жерде 2020 жылдың тамызына дейін жұмыс істедім. Ал 2021 жылдың жаз айларынан бастап SMM мамандығын оқып, зерттей бастадым. Кейін қарашаның соңында ноутбук сатып алғаным дұрыс шешімдердің бірі болған екен деп нақты айта аламын. Себебі ноутбук өмірімді біраз жеңілдетті.

Мариупольден кеткен украиналық: Ол жаққа оралсам көзіме мәйіттер елестейді
Валерияның жертөледе жасырынып отырған кезі.

Factcheck.kz: 2022 жыл. 24 ақпанға оралайықшы. Сол күн есіңізде ме? Украинаға Ресей әскерилері заңсыз басып кірген кезде қандай сезімде болдыңыз?

Валерия Михайленко: Мен осынша деңгейде дәл осылай болады деп еш ойлаған жоқпын. Біз тек 2014 жылдағыдай қала шеттерінде атыс болып, кейін бәрі тынышталады деп ойладық.  

Factcheck.kz: Мариупольді атқылап бастаған кезде қайда болдыңыз және басқыншылардан қорғану мақсатында не істедіңіз?

Валерия Михайленко: Біз үйде болдық. Шабуыл жайлы ескерту берілген күннен бастап күйеуім екеуміз жертөлеге көше бастадық. Негізі бұрын туризммен айналысатын едік. Жертөлеге шатыр, карематтарды, жастықтарды тасып, орналасып алдық.

Өкініштісі, жатын орнымыз тым суық әрі жертөленің биіктігі төмен болды. Бойымызды тік ұстап жүре алмайтын едік. Ал медиада жиі тараған Драмтеатрға келсек, бұл туралы интернеттен көрдім. Бізде су да, электр тоғы мен жарық та жұмыс істемеді.

Мариупольден кеткен украиналық: Ол жаққа оралсам көзіме мәйіттер елестейді
Мариупольдегі драмтеатрдың жарылыстан кейінгі көрінісі. Мұнда көбіне әйелдер мен балалар ресейлік басқыншылардан жасырынып отырған. Шамамен 600 адам авиасоққыдан қаза болды. Фото: Fakty.ua

Далада от жағып, тамақ пен суды өзіміз жылыттық. Бір кезде әдеттегідей оттың жанында тұрғанымызда, бір ер адамдар келіп, драмтеатрда жарылыс болғанын айтты. Шынымды айтсам, мүлде сенбедім. Ал бұған дейін 9 наурызда украин әскеріне барып, пауербанкім мен фонарімді қуаттап алған едім. Қайтар жолда жарылыстың дауысын естіп, үйге қарай қаштым. Әскерилер аурухананы бомбалады деп айтқаннан кейін, әлгі адамның сөзіне сене алмадым. Қателеспесем жарылыс перзентханада болған.

Мариупольден кеткен украиналық: Ол жаққа оралсам көзіме мәйіттер елестейді
9 наурызда ресейлік әскерилер қаладағы перзентхананы атқылаған, Фото: BBC

Factcheck.kz: Қазіргі Мариупольдағы таныстарыңызбен не достарыңызбен байланысқа шығып, хабарласып тұрасыз ба? 

Валерия Михайленко: Мариупольда таныстарым бар. Бірақ олар қазір бізбен сөйлесуге қорқады. Жақында Германияда тұратын танысым Мариупольге барып еді, адамдардың бәрі есін жия алмай, қорқып қалғанын айтқан. Пәтерде тұратын адамдармен байланысқанның өзінде, бір айдан кейін кері жауап аламыз. 

Factcheck.kz: Ал сіздер Марипольдан қашан және қалай кеттіңіздер?

Валерия Михайленко: Біз Мариупольден 18 наурызда көшіп кеттік. Әкеміз Мариупольден кеткісі келмеген. Кейін Мариупольдан ешқандай хайыр жоқ екенін сезген соң ол бес күннен кейін кетті.

Мариупольден кеткен украиналық: Ол жаққа оралсам көзіме мәйіттер елестейді
Валерияның әкесі Мариупольде осы үйде тұрған

Бастапқыда күйеуіммен жаяу шығамыз деп ойладық. Себебі 2021 жылдың желтоқсанында көлігімізді сатып жібердік. 17 наурыз кетейік деп от жағып тұрғанбыз, бірде көршіміз келіп, көлігі бар, бірақ айдайтын адам жоқ екенін айтты. Тағдырдың жазуы дейін бе, білмеймін. Күйеуіммен бірге көлікке мініп, бірден Никольск ауылының тұрғындарын, басқа да адамдарды жинап, жол тарттық.

Запорожьеде жаяу жүрген адамдарды көріп, оларды да өзімізбен бірге алып кеттік. Әдетте Запорожьеде 4 сағатта болып қалатын едік, осы жолы 30 сағатта әрең жеттік. Кейін көлік иесі көлікті алып кетті. Жолымыз болып тексеріске ұрынбадық. Түнге қарай Токмак қаласына тоқтап, балабақшада тамақтанып алдық.

Дені дұрыс тамақ жемегелі көп болыпты. Біз өткен соңғы отызыншы ресей блокпостында шешен сақшылары тұр екен. Осы жерде бізге қатты күмәнмен қарады. Украин және Ресей заңдарында қателеспесем, егер бізде көліктің техникалық құжаты болса, демек біз көлікпен бір жерден екінші жерге оңай өте аламыз. Блокпосттағы автомат асынған сақшылар бізге көлікті ұрламағаныңды қалай дәлелдейсің деп сұрақ қоя бастады. Күйеуім еш саспастан, бізде құжат бар, оны компьютерлерінен сканер жасаңдар деп жауап берді. Сәйкесінше, оларда ондай құрылғы болмағаннан, олар бізді өткізді. Әлгі адамдар сөздерінің соңында үлкендерді сыйла деп бірдеңе деп күбірледі. Былай қарасақ ол күйеуімнен әлдеқайда жас көрінетін.  

Factcheck.kz: Соғыс басталғалы естен кетпес, өте әсерлі болған кезіңіз есіңізде ме?

Валерия Михайленко: Ыңғайсыз болса да шынымды айтайын. Қанша жерден жертөледе болсақ та, дәретімізді орындау үшін көрші подъездегі пәтерімізге баратынмыз. Кешкі уақыт болса да, қорықсақ та жағдай солай болды. Дәл осындай сәттердің бірінде кейін ресей әскерилері бізге қарай оқ атқан кездері болды. Бірақ бізді құдай оңдап, қашып үлгеріп, аман қалатынбыз.

Мариупольден кетпес бұрын, күйеуіммен автобустарды іздеп жүргенімізде көшеге шығып, өзіміз тұрған ауданды қарап қайттық. Бір кезде әдемі болып тұрған жеріміз, қазір бір ақыр заман болған фермаға айналып кеткендей сау тамтығы қалмаған. Соғыстың басында жараланған баланың ауруханада көз жұмғанын көрген боларсыз. Менің танысым сол маңда тұрады. Сол жақтағы көшелердің де быт-шыты шыққан. Осыған куә болу маған өте ауыр тиді. 

Factcheck.kz: Сіздің жақындарынан айырылған таныстарыңыз бар ма?

Валерия Михайленко: Иә. Бір танысым өз отбасымен бірге драмтеатр маңындағы үйлердің біріне ресейлік әскерилерден жасырынуға көшіп келген еді. Ал құрбымның күйеуінің әкесі аурухана маңындағы үйде қалған болатын. Кейін ертесіне құрбымның күйеуі әкесінің жағдайын білмек боп барса, әкесі көз жұмған. Сол кездері үйді тонайтындар өте көп болған. Ресейлік әскерилер де, бәлкім жергілікті тұрғындар да тонаған шығар.

Factcheck.kz: Сіздіңше, неліктен Ресей тұрғындарының көп бөлігі олардың қазіргі жалақысы, зейнет ақысы төмен болса да Путинді жақсы көреді?

Валерия Михайленко: Меніңше, Путинді бәрі хан санайды. Бірде Мәскеудегі туыстарым Украинаға келген. Марқұм әжемнің туған жеріне қонаққа бардық. Шыны керек бәрін көріп ан-таң болдым. Ал менің туысым «Путин хан ғой. Оған бәрін істеуге болады. Не істесе де оған жарасады» деп мұның бәрін ақтап алды. 

Factcheck.kz: Ал енді алдағы уақытта жоспарыңыз қандай?

Валерия Михайленко: Қазір SMM саласында жұмыс істеп жатырмын. Алдағы уақытта Киевтен үй алғымыз келеді. Мариупольде тұруға емес, қонақ болып барып қайтқым келеді. Себебін енді түсіндірейін. Біз Мариупольден кетер алдында үйдің терезесінен көшеде жатқан мәйіттерді көретінбіз. Алдағы уақытта туып өскен жерімде тұратын болсам, көзіме мәйіт елестейтін секілді көрінеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz