Factcheck.kz, Factcheck.kg және Factcheck.tj редакцияларының үндеуі

Редакциялар Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы дезинформациямен бірлесе күресуге келісті және баршаңызды бірлесіп күресуге шақырады.

Біз, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның фактчекиң редакцияларының өкілдері қаза тапқан адамдардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Қайғылы оқиға туралы ақпаратты шекарадағы өңірлерден таратып жатқандарға кәсіби журналистиканың стандарттарын ұмытпауға шақырамыз!

Мұндай жағдайда ең маңыздысы – екі ел азаматтарының өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі. Сол себепті қазір қақтығыстың ушығып кетуіне жол бермеу, қастандық тудыратын ақпаратты, дезинформацияны, сондай-ақ манипуляциялық және біржақты мәліметті таратпау негізгі мақсат болуы керек.

Ақпаратты эмоциямен қабылдау және тарату бейбіт шешім іздеуге кедергі келтіретініне сенімдіміз. Бәрімізге логикалық және ең әділ тәсіл керек екеніне сенімдіміз. 

Сапалы журналистика нақты, біржақты емес, қорытылған және жауапты болуы керек, нәтижесінде Нақтылық + Бейтараптылық + Жауапкершілік = Сенім шығады. Кез келген қақтығыс кезіндегі бізге деген сенім – біздің капиталымыз.

Фактчекерлер ретінде біз кез келген ақпаратпен бөлісіп, жариялап, тіпті лайк баспас бұрын тексеруге ғана емес, оның қоғамға қандай әсері болатынын ойлап, соның салдарына қаншалықты жауапты екеніңді түсінуге шақырамыз. 

Біз осы оқиғаға қатысты кез келген фактіні тексеруге дайынбыз. Ақпаратты бізге тексеруге жіберіңіз. Әділдік үстем болу үшін екі тараптан да тексеріп, ортақ материалдар дайындаймыз. 

Мынаны ескерте кеткен жөн: әскери қақтығыс кезінде мәліметтің көп бөлігін тексере алмаймыз. 

Әскери қақтығыс кезінде ақпаратты қалай пайдалану керегі туралы кәсіби кеңес: 

  1. Жаңалықты тақырыбы мен лидтен ары қарай оқыңыз. Кейде беделді басылымдардың өзі кликбейтке құмар болады. 
  2. Мәтінде эмоцияға апелляцияның бар-жоғын тексеріп, сканерден өткізіңіз. Өшпенділік тілі мен эмоциямен әсіреленген сөздер сізге манипуляция жасағысы келетінін білдіреді. «Жауыздар», «фашистер», «ұлтшылдар», «терроршылар» сынды лексика пайдаланылса тартынып тұрыңыз. Есіңізде болсын: сапалы журналистика соғыс жағдайында да бейтарап стильге ұмтылады. 
  3. Дереккөздерге зер салыңыз. Егер ресурс өзін БАҚ деп таныстырса редакция туралы ақпарат болуы керек (тым құрығында авторлардың аты-жөні, ал негізінде олардың суреті мен қысқаша өмірбаяны жазылады). Егер материалда дереккөздерге сілтеме жасалмаса ұсынылған мәліметтерге күмәнмен қараңыз.  
  4. Қақтығыс тараптарының ресми мәлімдемелеріне де мұқият болыңыз. Билік өкілдері дезинформация таратып, манипуляция жасап (себебі соғыс ақпарат майданында қатар жүреді) немесе жәй ғана қателесуі мүмкін. Мысал келтіре кетейік, қырғызстандықтардың есінде болар, олардың жерлесі, музыкант – Викрам Рузахуновты Қазақстан билігі қаңтарда террорист деп танымақ болды. Кез келген ақпаратты қайта тексеру керек. 
  5. Анонимді ресурстардың мәліметтеріне аса күдікпен қараңыз. Мұндай жағдайда аноним болу оқырман алдында жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Мұндай дереккөздерді аса мұқият тексеру керек. 
  6. Базалық фактчек тәсілдерін меңгеріп алыңыз (фото мен видео арқылы іздеу, іздеу жүйелері мен әлеуметтік желілерден кеңейтілген іздеу). Сайтымыздағы «Әдіснама» бөлімі сізге көмектеседі. 
  7. Егер ақпаратты тексеру қолыңыздан келмесе, бізге жіберіңіз. Біз көмектесуге тырысамыз: 

Қандай да бір жаңалықпен достарыңызбен және жақындарыңызбен бөліспес бұрын осы ұсыныстарды назарға алып, шынайы деректі таратып жатқаныңызға сенімді болу үшін тексеруге аз уақытыңызды бөліңіз. 

Достар, әріптестер! Біз бірлесе отырып екіжақты агрессия толқынын тоқтата алатынымызға сенеміз. Мыңдаған кінәсіз адам оның құрбаны болуы мүмкін. Біз көршіміз, біз отбасымызбен осында өмір сүреміз, ал біздің ұрпағымызға қаңыраған бос дала керек емес. 

  • Factcheck.tj
  • Factcheck.kg
  • Factcheck.kz

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz