COVID-19 Қазақстанда жасалған ба? | Үгіт-насихат деконструкциясы

7 сәуірде Kazakhstan Today ресурсы материал жариялады, онда былай делінген: «Бүкіл Қазақстан бір айдан бері коронавирус инфекциясын жою үшін бар күшін салып жатқан кезде Алматыдағы америкалық биозертхана коронавируспен күресте тыныш жатыр». (Біздің мақаламыз жарияланғаннан кейін материалды өшіріп тастайтын болса, біз оны архивте сақтап алдық).

Сонымен қатар басылым: «… БАҚ-тарда жаңа коронавирус штамы Қазақстандағы зертханада жасалды деген нұсқалар пайда болып жатыр. Оның ішінде «Русская весна» журналистері үш жыл бұрын Орталық референс зертханада COVID-19 секілді жарқанат арқылы берілетін коронавирус түрі зерттелгенін анықтады. STAN RADAR порталының дерегі бойынша жарқанат арқылы берілетін коронавируспен жұмыс Қазақстанда АҚШ қорғаныс департаментінің тапсырысы бойынша жүргізілген. Нәтиженің бір бөлігін 2019 жылдың сәуір айында профессор Смит, Ян Менденхолл, Ивонна Су және бірнеше қазақстандық биологтардан құралған ғалымдар тобы жариялады. Алтынтау, Қараүңгір және Кептерхан үңгірлерінде вирус жұқтырған жарқанат популяциялары зерттелді. Ғалымдар табиғи жолмен тараған індетті зерттегендерін жазған. «Русская  весна» нұсқасы бойынша жарқанаттарға Таяу Шығыстан келген коронавирустың модификацияланған штамы жасанды түрде жұқтырылған, ал Қазақстан фаунасына бұл індет сәйкес келмейді.

Біз жоғарыда айтылған пікірлер мен олардың дереккөздерін тексердік. Ауқымды материал шықты, сол себепті алдымен негізгі қорытынды мен шешімді айта кетейік:

  1. Kazakstan Today материалы жалған, манипуляция және конспирологиялық теориялардың қосындысы. Оны ашық дереккөздердің көмегімен оңай анықтауға болады.
  2. Алматыдағы зертхана америкалық ЕМЕС және Қазақстанда коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүр.
  3. Қазақстанда жарқанаттарда зерттелген вирустар коронавирустың басқа түріне жатады.
  4. АҚШ бірлескен биологиялық зерттеу аясында бірқатар жұмысты қаржыландырғаны рас. Енді біз біздің жарқанаттарда KZ3 және KZ43 деп таңбаланатын өз коронавирусы бар екенін білеміз.
  5. COVID-19-ды тудыратын коронавирус Гвардейскіде де, ОРЗ-де де жасалуы мүмкін емес. Жалпы қандай зертханада болсын жасалмайды.
  6. Мақала авторы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты мен Алматы Орталық референс зертхананы шатастырып, оқырмандарды жаңылыстырған.
  7. Kazakhstan Today-дегі мәтін үгіт-насихат үлгісі. Алдыңғы қатарлы қазақстандық басылымдардың бірі тексерілмеген үгіт-насихат көзін пайдаланып, оқырмандарын шатастырғаны қызық.

Толығырақ төменде…

Kazakhstan Today дереккөздерінің қатесі неде?

Сілтеме арқылы Русская весна сайтына өтіп, қиялға ерік берілгенін байқауға болады. Kazakhstan Today ақпарат агенттігі дереккөз ретінде, мәселен, мынадай ақпаратты тарататын ресурсты пайдаланатыны таңқалдырды:

Қордай ауданы дүнген ауылдарындағы жақында болған жаппай тәртіпсіздікті 2017-2019 жылдары ауданда болған америкалық әскери биологтар жұмысын, немқұрайлылығын және COVID-19-ды әдейі Қытай жеріне өткізуді көздегенін көрген куәгерлерден «тазарту» ретінде қарастыруға болады.

Русская весна

Немесе мынау (оқырмандарының аңғалдығын және білімсіздігін ескерген болуы керек):

Қазақстандағы америкалық ОРЗ материалдарын мұқият талдасақ, сұрақ көбейеді. KZ-33 жобасы «Коронавирустың таяушығыстық респираторлық синдромы» деп аталған және ол үшін Орта Азиядағы жарқанаттарды зерттеудің қажеті қанша екені түсініксіз.

Русская весна

Иә, оқырманда сұрақ бар: Таяу Шығыс қайда, Қазақстан қайда? – ретсіздік! (Қазақстан үшін қауіпті аурулар эндемик екенін ұмытып).

Бұл медиасын уақыты болатын, енді Kazakhstan Today материалындағы жалған мен манипуляцияны талдауға кірісейік.

Коронавируспен күрес

Пікір: «Алматыдағы америкалық биозертхана коронавируспен күреске қатысып жатқан жоқ».

Kazakhstan today

Үкім: Жалған және манипуляция

Біз «америкалық биозертхана» туралы бірнеше рет жазғанбыз. Және оның неліктен америкалық ЕМЕС екенін де түсіндіргенбіз. Орталық референс зертхананың әрекетсіздігіне келер болсақ, ол да өтірік.

Мәселен, 4 сәуір күні Tengrinews КТК-ға сілтеме жасап, былай деп мәлім етті: «Ерекше жүйені Орталық референс зертхана мамандары пайдаланып көрді. Олар жаңа типті пневмонияға күдікті науқастардың 2 мыңнан астам сынамасын зерттеді. Нәтижесі оларды таңқалдырды. Жақында алғашқы тест-жүйе еліміздің зертханаларына жеткізіледі».

Телеарна мәліметі бойынша, ерекше сынаманы Орталық референс зертхана мамандары бес күннің ішінде жасап шығарған».

Осы оқиғадан бір ай бұрын, яғни 7 ақпанда БАҚ Алматыда коронавирусқа алынған қан талдауының барлығы Орталық референс зертхана мен Ғылыми сараптама орталығына жіберілетінін хабарлады. Наурыздың ортасында да коронавирусқа тестті медицина орталықтарымен қатар Масғұт Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығында тапсыруға болатыны хабарланған. Ол ОРЗ-ның бір бөлігі.

Зертханалық штамм?

Пікір: «БАҚ-тарда жаңа коронавирус штамы Қазақстандағы зертханада жасалды деген нұсқалар пайда болып жатыр. Оның ішінде «Русская весна» журналистері үш жыл бұрын Орталық референс зертханада COVID-19 секілді жарқанат арқылы берілетін коронавирус түрі зерттелгенін анықтады».

Kazakhstan today

Үкім: Жалған және манипуляция

Тағы да айтамыз, жаңа коронавирус қолдан жасалмаған. Русская весна-ға келер болсақ, басылым бұқаралық ақпарат құралы деп айтуға келмейтін Yvision блог-алаңындағы шулы бірақ әлдеқашан өшірілген жариялымға сілтеме берген.

Сонда да, толығырақ талдайық. Өшірілген пост авторы «Алматыдағы Орталық референс зертхананың қызметкеріне сілтеме берген. Ол қауіпті вирустың осы мекемеде жасалғанын растаған. Содан кейін «Русская весна» дәлел ретінде «Вирустар» (Viruses) журналына сілтейді. Журналда расымен «Discovery and Characterization of Novel Bat Coronavirus Lineages from Kazakhstan» (Қазақстанда жарқанаттың жаңа штамының анықталуы мен олардың сипаттамалары) ғылыми еңбегі жарияланған.

Қазақстанда жарқанат коронавирусына қатысты қандай зерттеу жүргізілді?

Әуелде есеп авторлары карантин тақырыбына қатысты көп оқырманға таныс дүниені жазады (ары қарай – есептен келтірілген сөздер):

«Жарқанаттар коронавирустың көбі үшін «резервуар» және мұқият бақылау генетикалық тұрғыда MERS-коронавирусымен (Middle Eastern respiratory syndrome coronavirus — ағылш., Коронавирустың таяушығыстық респираторлық синдромы – қаз.), SARS-коронавирусымен  (Severe Acute Respiratory Syndrome — ағылш., атипті пневмония — қаз.) сонымен қатар 229E және NL63 адам коронавирустарымен сәйкес келетін бірнеше штамды анықтады. Қытайды Еуропамен байланыстырып тұрған Орталық Азиядағы жарқанат популяциясы әлемнің басқа аймақтарындағы популяциялармен салыстырғанда аз зерттелген. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында, бірақ жарқанат тасымалдайтын вирустардың таралуы мен түрі туралы мәлімет аз. Зерттеу үшін Қазақстанның оңтүстігіндегі үш түрлі жерден алынған жарқанат қиы (кепкен нәжісі) жиналды.

Коронавирусқа анализдер оң нәтиже көрсетті. Біздің филогенетикалық реконструкциямыздың көрсетуінше, бұл альфа-коронавирустар тобына жататын жарқанаттың жаңа коронавирусы. Сонымен қатар Қазақстанда жарқанат коронавирусының екі түрлі желісі анықталды. Екеуі де Қытай, Франция, Испания және Оңтүстік Африкада өмір сүретін жарқанаттардың коронавирусымен тығыз байланысты, яғни, коронавирустардың айналымы қиылысатын тіршілік ортасы бар жарқанаттың бірнеше түрінің ішінде кең тараған. Біздің зерттеу мониторинг пен зерттеу жиі жүргізілмейтін елдерде кешенді эпидемиялық бақылауды кеңейтіп, ортақ күш жұмылдыру керектігін айқындайды».

Ары қарай зерттеушілер қидың 2017 жылдың 11 сәуірі мен 16 мамыры аралығында Түлкібас ауданындағы Кептерхан үңгіржолы мен Қараүңгір үңгірінен, сонымен қатар Алтынтаудағы Үңгірлі үңгірінен жиналғанын жазған. Жарқанаттардың кепкен нәжісін жарқанаттар тіршілік ететін бақан астына орнатылған пластик табақтан жинап алған. Көптеген қи шарлары полиэфирлі тампондар пайдаланылған вирусты транспорттық ортасы бар криосынамаларға орналастырылды, содан кейін құрғақ сұйық-азотты ортасы бар контейнерлерге салынып, Гвардейскідегі (Қазақстан) Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтына жіберілді, онда барлық үлгілер -80 ° C-та сақталған.

Айтпақшы, институт сайтында былай көрсетілген:

«2016 – 2018 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты таяушығыстық респираторлық синдром коронавирусын (БВРС-КоВ, MERS-cov — ағылш.) зерттеу үшін халықаралық жоба жүзеге асырылды.

Жоба аясында республиканың бірнеше облысында коронавирустың түйе мен жарқанаттарға талдау мониторингі жасалған. Түйелерден алынған 8200-ден астам сарысу мен 2500-ге жуық мұрын шайындысы зерттеліп, сонымен қатар ПТР тәсілі арқылы БВРС-КоВ вирусының геномы бар-жоғын анықтау үшін жарқанаттардан 200 сынама алынды. Зерттеу қорытындысы бойынша жазылған мақала халықаралық рейтингтік журналда жарияланды және нәтижесі халықаралық екі конференцияда баяндалды».

Көріп отырғанымыздай, әңгімеге арқау болып отырған зерттеу ОРЗ-да емес, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында жүргізілген және оның COVID-19 індетіне қатысы жоқ.

Есепте көрсетілгендей «қазақстандық» жарқанаттардың коронавирус штамы KZ3 және KZ43 деп таңбаланады. Олар альфа-коронавирус түріне жатады, ал SARS-CoV, MERS (таяушығыс респираторлық синдромы) және жаңа SARS-CoV-2 коронавирусы (COVID-19-ды тудыратын) бета-коронавирустар тобына жатады. Сөз болып отырған есепте мынадай сызба бар:

COVID-19 Қазақстанда жасалған ба? | Үгіт-насихат деконструкциясы

Пунктирлі жақтау осы зерттеуде сипатталған қазақстандық коронавирус сызығы (KZ3 және KZ43) мен әлемде табылған, олармен тығыз байланысты вирустарды білдіреді. Қосымшада қазақстандық коронавирус штамдар мен жақын туыс вирустарының атауы жазылған. Үңгір орындары жасыл белгімен көрсетілген.

Ескерту 1 

Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының сайтында мынадай ақпарат бар:

Коронавирус инфекциясы таралуының белсенділігі жоғары екенін ескере отырып, біздің Институттың ғалымдары Қытайда диагностика құралдарын жасауға кірісті. Қазір ПТР диагностикаға арналған тест-жүйе дайындалып жатыр. Қаржыландыру болса, біз 10-15 күннің ішінде тест-жүйе жасау жұмысын аяқтай аламыз.

Бұрынғы жылдары аса қауіпті инфекцияларға қарсы екпе дайындаған тәжірибеміз бар болғандықтан, қаржыландыру болса бірден іске кірісіп, аз уақыттың ішінде вирустың кандидаттық штамын аламыз, ал екпе жасауға біраз уақыт кетуі мүмкін. Сонымен қатар, екпені клиникалық сынақтан өткізу де уақытты қажет ететінін ескеру керек.

Ескерту 2

Зерттеу авторлары «профессор Смит, Ян Менденхолл, Ивонна Су мен бірнеше қазақстандық биологқа» келер болсақ (тексеріп жатқан материал авторы тұжырымдағандай), бес қазақстандық зерттеуші ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейді. Олар – Аслан Керімбаев, Виталий Строчков, Күләйсан Сұлтанқұлова, Сырым Көпеев, Мұхит Орынбаев. Олардың есімдері, жұмыс орны мен ғылыми жетістіктері есепте көрсетілген. Бұл ақпарат та, олардың зерттеуі де құпия емес.

Ескерту 3

Түсінгендеріңіздей, жарқанаттар түрлі штамы бар коронавирустың (басқа да вирустардың) табиғи резервуары. Viruses журналын ақтарып шыққанның өзінде жарқанаттарға қатысты жиырмадан астам жұмысты табуға болады. Тіпті барлық мақаланы Viruses журналының «Вирустар және жарқанаттар 2019» арнайы шығарылымынан көре аласыз. Қызық деректі де көзіңіз шалады. Мәселен, 2019 жылдың 9 қаңтарында жарияланған жұмыста мынадай сәуегейлік жолдар бар:

 «Жарқанат түрлерінің өзара қарым-қатынасымен қатар, жарқанаттардың жануарлармен, адамдармен қарым-қатынасы үлкен рөлге ие, мәселен, Қытайдың оңтүстігіндегі мейрамханалар мен жабайы табиғат базарларында жарқанаттың тірі күйде болуы коронавирустардың түраралық берілуінде өте маңызды және жойқын жаһандық індетке әкелуі мүмкін».

АҚШ Ұлттық денсаулық институтының Ұлттық медицина кітапханасы сайтында әлемнің түрлі елдерінде – Қытайда, Кореяда, Камбоджада, Кенияда, Шығыс Таиландта тіршілік ететін жарқанат коронавирусына қатысты зерттеу өте көп. Тіпті осы елдерде жұмыс істейтін зерттеушілерден жаңа коронавирусты жасады деп күдіктенуге болатын еді.

Коронавирус және АҚШ қорғаныс департаменті

Пікір: «Жарқанат арқылы берілетін коронавирус жұмысы шынында АҚШ қорғаныс департаментінің тапсырысымен Қазақстанда жасалды».

Kazakhstan today

Үкім: Манипулияция

Барлық ақпарат, оның ішінде қаржыландыру да ашық. Тіпті Kazakhstan Today материалының авторы сілтеме берген STAN Radar сайтында осындай ақпаратқа сілтеме бар. Ол Viruses журналында жарияланатын ғылыми жұмыстарға арналған MDPI ашық сайтына сілтейді.

Оған қоса, АҚШ қорғаныс министрлігі Қауіпті қысқарту агенттігінің (Defense Threat Reduction Agency, DTRA) биологиялық қауіпті азайту бағдарламасы (Biological Threat Reduction Program / BTRP) аясында қазақстандық ғалымдар мен зерттеу институттарына қаржылық, инфрақұрылымдық және ғылыми қолдауын әрқалай ұғуға болады: барлығы жағдайға байланысты, бірақ бұл конспирологияға себеп бола алмайды.

«Бірлескен биологиялық зерттеулер тарихы: Қазақстанда жүргізілген жұмыстар есебі мен бағдарлама анализі» құжаты, жоғарыда айтып өткеніміздей, ашық әрі қолжетімді. Көріп отырғанымыздай, Бірлескен биологиялық зерттеу бағдарламасы (CBR) аясында америкалық Қауіпті қысқарту агенттігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сынды мемлекеттік құрылымдармен серіктестікте болған.

COVID-19 Қазақстанда жасалған ба? | Үгіт-насихат деконструкциясы

2005 жылдан бастап 25 зерттеуге $20 M көлемінде қаржы бөлінді:

COVID-19 Қазақстанда жасалған ба? | Үгіт-насихат деконструкциясы

Оның ішінде хантавирус Covid-инфодемиясымен қатар шулатқан конго-қырым гемморагиялық безгегін зерттеу бар (Қырым қайда, Конго қайда, ал Қазақстан ше – ретсіздік (!). Бұл жағдайда бізге Таяушығыс респираторлық синдромына (MERS-cov) қатысты KZ-33 зерттеуі қызық болып тұр. Осы зерттеу қорытындысы бойынша былтыр сәуір айында Viruses журналында «қазақстандық» жарқанаттардан KZ3 және KZ43 жаңа альфа-коронавирустары анықталғаны жазылған мақала жарияланды. Жоғарыдан филогенетикалық схеманы қараңыз – альфа-коронавирус адамда да кездеседі (бірақ бұлар емес).

COVID-19 Қазақстанда жасалған ба? | Үгіт-насихат деконструкциясы

Қорытынды:

  • Kazakstan Today материалы тексерілмеген және жалған ақпараттың қосындысы мен деректердің манипулициясынан құралған.
  • Шын мәнінде ОРЗ әрекетсіз жатқан жоқ.
  • COVID-19-ды тудыратын коронавирус ОРЗ-да да, Гвардейскіде де жасалуы мүмкін емес. Жалпы ешқандай лабораторияда жасалмайды.
  • АҚШ расында бірлескен биологиялық зерттеу бағдарламасы аясында бірқатар еңбектерді қаржыландырды. Енді біз біздің жарқанаттарда KZ3 және KZ43 деп белгіленетін өз коронавирустары бар.
  • Kazakhstan Today-дегі мәтін үгіт-насихат үлгісі. Алдыңғы қатарлы қазақстандық басылымдардың бірі тексерілмеген үгіт-насихат көзін пайдаланып, оқырмандарын шатастырғаны қызық. Жалпы бұл Қазақстан мен қазақстандықтарға арналған ақпараттық шабуылға ұқсайды.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz