“Біздің мақсат” бағдарламасында ең төменгі жалақы туралы рас айтылды ма?

12 қыркүйекте Хабар арнасының “Біздің Мақсат” бағдарламасында ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге көтеру тақырыбы талқыланды. Эфир барысында парламент мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл Украинадағы, Оңтүстік Африка Республикасындағы, Коста-Рикадағы және т.б. елдердегі ең төменгі жалақысы қанша екенін айтты.

Тайм код: 33:50

Factcheck.kz депутат сөзі мен бағдарламада келтірілген деректерді тексерді.

Мәлімдеме: Соғыс алдында 2021 жылы Украинада [ең төменгі жалақы – ред.] 237 доллар болды. Оңтүстік Африка Республикасында 242 доллар, Коста-Рикада 600, Гондураста 292, Экваториалық гвинеяда — 216. Бізде  180 ғана.

Еркін Әбіл

Үкім: Шындыққа жақын

Депутат сөзі шындыққа жақын, себебі Еркін Әбіл мысалға келтірген елдерде расымен төменгі жалақы Қазақстандыкінен көп. Бірақ кейбір мемлекетте ескеретін нюанс бар.

Мысалы, Countryeconomy дерегінше, 2021 жылы Украинада ең төменгі жалақы расымен 238 доллар болған. Дегенмен қазір бұл көрсеткіш гривенмен өскенімен, оның 180 доллар ғана екенін ескеру керек. Елге Ресей 2022 жылы 24 ақпанда басып кіргелі бері төменгі жалақы көлемі тек бір рет — 2022 жылы қазанда 3%-ке өскен. Жалпы соғыс жағдайында әлеуметтік саясат министрі Оксана Жолнович жұмыс берушілерге, бизнеске ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру арқылы артық жүк түсірмеу керектігін ескерткен.

Алайда қалған елдерді мысалға келтірген депутат Еркін Әбіл нақты қай жылғы деректі айтып отырғанын айтпады. Мысалы Оңтүстік Африка Республикасында 2022 жылы 248 доллар, ал Коста-Рикада депутат айтқандай 600 доллар емес, 501 доллар болған.

Бұдан бөлек, Гондураста жағдай сәл басқаша екенін ескерген жөн. Бұл елде депутат айтқандай нақты белгіленген төменгі жалақы мөлшері жоқ. Гондураста әр сала бойынша және компаниядағы жұмысшы санына байланысты ең төменгі жалақы мөлшері әртүрлі есептеледі: ең төмені — 329 доллар (ауыл шаруашылығына байланысты жұмысшылар), ал ең жоғарғысы — 633 долларға дейін (газ, су, тоқ саласында жұмыс істейтіндер) жетеді.

Ал Экваторлық Гвинея ең төменгі жалақы мөлшері 209 доллар.

Кейін бағдарлама жүргізушісі Дана Нұржігіт тағы басқа елдердегі ең төменгі жалақы туралы дерек келтіреді. Ол рейтиңде Қазақстанның 2024 жылғы дерегі көрсетілгенін ескертеді.

Мәлімдеме: Беларусь 101 570 тг, Армения 90 580 тг, Қазақстан 85 000 тг, Ресей 79 838 тг, Өзбекстан 37 285 тг, Қырғызстан 12 221 теңге.

“Біздің мақсат” бағдарламасының инфографикасынан
"Біздің мақсат" бағдарламасында ең төменгі жалақы туралы рас айтылды ма?

Үкім: Манипуляция

Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауына ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге жететінін айтты. Қазір бұл көрсеткіш — 70 000 теңге. Егер рейтиң қазіргі жағдаймен құрастырылса, Қазақстан 3-орын емес, 4-орында болар еді. Сонымен қатар, 2024 жылы Ресейде ең төменгі жалақы мөлшері қазіргідей 78 124 теңге емес, 92 573 теңгеге өсетінін ескеру керек.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz