Тоқаев ІІМ мен өңірлердің бюджеті жайлы уәдесін орындады ма?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы жолдауында Ішкі істер министрлігінің реформасына бөлінетін қаржы жайлы және өңірлерге бөлінетін бюджет туралы сөз қозғаған.

Factcheck.kz бұған дейін Тоқаев уәделерін тексерген. Президенттің бұл материалдағы уәделері “Тоқаев уәделері: қаншасын орындады, қай сөзі желге ұшты?” мақаласына кірмеген және қосымша тексеруді қажет еткендіктен кешіктіріліп жарияланды.

Factcheck.kz Тоқаевтың жолдаудағы мәлімдемесі қаншалықты орындалғанын тексерді.

Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Ішінара орындалды

Ішкі істер министрлігінің Factcheck.kz редакциясына берген жауабына сай, ішкі істер органдарына республикалық бюджеттен қосымша бюджет көзделмеген. Реформалау қаржысы ІІМ есебінен алынған, оған 72 млрд 72 млн теңге жұмсалған.

ІІМ ақпаратына сай, Қазақстан Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 897 қаулысына сәйкес, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап, қаржы — полицей формаларының ребрендиңіне, стационарлық полиция бекетін салуға, сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерлеріне, учаскелік полиция испекторларына тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы төлеуге жұмсалған.

Реформаға 72 млрд 72 млн теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 2019 жылы — 14 млрд 233 млн, 2020 жылы — 28 млрд 439 млн, 2021 жылы — 29 млрд 400 млн теңге игерілген.

2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Жартылай орындалды

Қаржы министрлігінің Factcheck.kz cауалына берген жауабына сай, 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен облыс орталықтарын, шағын қалаларды, ауыл аймақтарын, қала шетіндегі әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға 634,1 млрд. теңге бөлінген.

Жыл сайын өңірлерді бюджеті өскен. Мысалы 2019 жылы — 83,2 млрд, 2020 жылы — 127 млрд, 2021 жылы — 176,7 млрд, ал 2022 жылы 247,2 млрд теңге бөлінген.

Контекст

  • Орталық сайлау комитетінің 2022 жылғы 20 қарашадағы президент сайлауының қорытындысына сай, Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, тағы бір рет президент атанды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚҰЫ) елімізде өткен сайлауды “тәуелсіз кандидаттар ұсынуға және сөз бостандығына шектеу болды” деп сынады. Алайда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ЕҚҰЫ мәлімдемесін объектив емес, біржақты деп атады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz