Орыс тіліндегі «деньги» сөзі түркілердің «теңгесінен» шықты ма?

«Деньги» сөзінің түркілердің «теңге» сөзінен шыққаны жиі айтылады (123). Бір дереккөздер бұл сөздің орыс тіліне моңғол-татар шапқыншылығы кезінде кіргенін болжаса, енді біреулер үндіеуропа тілдеріне жататын иран тобынан, нақтырақ айтқанда, парсылардың «дыңыл» деген мағына беретін «танга» сөзінен шыққанын айтады. 

Factcheck.kz редакциясы «деньги» сөзінің этимологиясын қарастырып, оның қайдан шыққанын анықтап көруге тырысты. 

Мәлімдеме: «Деньги» сөзі түркілердің «теңге» сөзінен шыққан. 

Үкім: Шындық

Біздің тексеруімізге сәйкес, бұл тұжырым бойынша ғылыми консенсус бар. Орыс тілінің этимологиялық сөздіктеріндегі деректерге сай, «деньги» («деньга») сөзі расымен түркілердің «tenge» сөзінен шыққан. Мысалы, Г.А. КрыловА.В. СемёновЛ.В. УспенскийН.М. Шанский, сонымен қатар славист және лингвист Макс Фасмердің сөздіктерінде де солай жазылған. Татар тілінде тиын «тәңкә» деп аталады, тәжік және өзбек тілдерінде «танга», түркімендерде «teňňe»сөзі бар.

Өз кезегінде, түркі тілдеріне «tenge» сөзі үндіеуропа тілдерінің иран тобынан енген болуы мүмкін. Таньганың валюта ретінде негізгі тілі парсы және шағатай тілі болған Бұхар хандығында, парсы, шағатай және түркімен тілінде сөйлеген Хорезм мемлекетінде қолданылғаны белгілі. 

Алтын орданың валютасы, күміс тиындары “теңге” деп аталған, ол белгілі. Бірақ “теңгенің” әрі қарай нақты қандай түбірден өрбитінін анықтай алмадым. Біреулер “таңба/тамға” сөздерімен байланыстырады, бірақ ол гипотезаны ескіріп кеткен де деседі. Енді біреулер заманауи парсы тіліндегі “данг” немесе оның орта парсы тіліндегі нұсқасы “данәк” сөзімен байланыстырады, яғни “бір нәрсенің ұсақ бөлігі” деген бір парсы сөзінен деседі. Сондай-ақ, “тең” сөзін қарастыруға болатын сияқты.

Бибарыс Сейтақ, лингвист, «Kazak Bubble» жобасының негізін қалаушы

Бұл сөз орыс тіліне қалай келген?

Ең танымал нұсқа бойынша, күміс деньга валюта ретінде XIV-XVII ғасырларда қолданылған. Көбі мұны 1470-80 жылдарға дейін жалғасқан моңғол-татар шапқыншылығының салдарынан болды деп болжайды. 

«Деньга» ұғымына дейін орыс тілінде қандай сөз болған?

Тауар алмастырудың әмбебап бірлігі ретінде деньгиге дейін аң терісін, нақтырақ айтқанда, сусар терісін қолданған. Валютаны да куна деп атаған. Ол 1/22 гривнаға, яғни, мойынға тағатын алтын немесе күміс медальға тең болған. Оны ұсақ бөлшектерге бөлген. Осыдан «рубль» сөзі пайда болған.

Бір қызығы, түркі тілдеріндегі «тиын» сөзінің шығу төркіні де ата-бабамыздың аң терісін валюта ретінде қолданғанын меңзейді. 

Бір қызығы, “ақша” немесе “тиын” сөздеріне қатысты консенсусқа ие мәліметті табу оңайырақ болды. “Ақшаны”, мысалы, Севан Нишанян [жазушы және публицист] “ақ”, яғни күміс тиындардың түсімен байланыстырады. Ал “тиын” сөзі, мысалы, Рәбиға Сыздық редакторлық еткен “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде” тиінмен, тиін терісімен байланыстырылады.

Түрлі орал және славян тілдерінде де тиін мен тиынды білдіретін сөздердің сәйкестігі байқалады (мысалы, орысша тарихи “векша” немесе “веверица” терминдері, валюта атаулары тиінді білдірген). Сондай-ақ көне түркі жазбаларында “тиін”, соның ішінде “көк тиін” құнды, бағалы дүниенің арасында (жібек, жақсы ат, қара күзен, т.б.) көп айтылады.

Бибарыс Сейтақ, лингвист, «Kazak Bubble» жобасының негізін қалаушы

«Теңге» валютасы тағы қайда бар?

Қазақстаннан бөлек, теңге валюта ретінде Түркіменстанда қолданылады. Оларда бір теңге біздің тиын секілді түркімен манатының жүзден біріне тең. Бір қызығы, халықаралық валюта курсы бойынша біздің теңге мен түркімен манатының да қатынасы осы шамалас. Мақала жазу барысында бір түркімен манаты ~132-133 теңгеге тең болып тұрды. 

Factcheck.kz