Қазақстанда орыс тілінде білім беретін мектептер жабыла ма?

Қазақстанда орыстілді мектептер мен сыныптарды жабатыны, сондай-ақ орыс тіліне толығымен тыйым салатыны туралы ақпарат орыстілді медиа кеңістігінде де, қазақтілді ортада да жиі шығып тұрады. Мұндай хабарлар үнемі қоғамдық резонанс тудырады және «посткеңестік мемлекеттерде орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деген ой қалыптастыру үшін пайдаланылады.

Factcheck.kz редакциясы кейінгі кездері Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі туралы дау тудырған пікірлерді тексерді.

Мәлімдеме: Қазақстан билігі 6-7 жыл ішінде орыстілді сыныптарды толығымен жойғысы келеді.

Медиадағы ақпарат

Үкім: Манипуляция және жалған

Мұндай пікір мессенджерлер мен медиада қазақстандық 31 арнаның сюжетіне сілтеме жасай отырып тарады. Арна өкілдері материалдың екі жыл бұрын жарық көргенін, бірақ енді ғана көпшілікке тарап кеткенін түсіндірді. Тараған жарияланымдардың көбінде видеоның түпнұсқасы жоқ, ал оның мағынасын авторлар бұрмалаған.

Бұл жағдайға Оқу-ағарту министрлігі де пікір білдірді: «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақ тілінде білім беретін сыныптар тәрізді, орыстілді сыныптарда да орыс тілі бұрынғыша оқытыла береді, басқа жоспар жоқ»,-деп мәлімдеді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.

Қазір 31 арна сюжетінің толық нұсқасы желіде де, архивте де жоқ, бірақ біз 2022 жылдың 13 тамызындағы туитті таптық.

Мәтін жаңалықтар ролигінің бір бөлігімен толықтырылған. Туиттердегі хабар мерзімі бойынша да, мазмұны бойынша да тамыздағы провокациялық хабарламалардың қатарына кіреді. Оған қоса, жарияланған үзінді жүргізушінің «7 жылдан кейін орыс сыныптарына қабылдау тоқтатылады» деген сөзімен басталады. Айта кетейік, сюжеттің 32 секундында жүргізуші «былтырдан бастап» ЖОО-ға түсуге арналған гранттар тіл бойынша бөлінбейтінін айтады. Гранттарды оқу тілі бойынша бөлуді 2020 жылы тоқтатты, яғни сюжет 2021 жылдан бері қарай жарияланды. Бұл 31 арнаның «Материал әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жаппай талқыланғанға дейін біршама уақыт бұрын шықты» деген мәлімдемесіне сай келеді.

Роликтің өзі білім беру саласындағы өзгерістерге арналған және білім беру заңнамасындағы өзгерістер мен сарапшылардың пікіріне талдау жасалған. Оның ішінде Астана қаласы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірі келтірілген. Педагог демографиялық және тарихи жағдайларды талдай келе 15 жылдан кейін қазақ тілінің мәртебесі артады деп пайымдаған. Оның пікірінше, Кеңес Үкіметі кезінде орыс тілін білмегендерге қаншалықты қиын болса, енді қазақ тілін білмегендер қиын жағдайда қалады деп есептейді. Сондай-ақ орыстілді педагогтардың да жетпейтінін алға тартып, соның салдарынан орыс тілінде білім беру сапасы біртіндеп төмендеуі мүмкін дейді.

Ахметжанұлы бұл үрдістің саясатқа еш қатысы жоқ екенін, табиғи-тарихи процесс екенін түсіндірді. Сол себепті ол ұстаз ретінде балаңыздың сапалы білім алып, мектеп пен ЖОО бітіргеннен кейін бәсекеге қабілетті және сұраныстағы маман болғанын қаласаңыз қазақ тілінде білім беретін сыныптарға беруді ұсынды. Осы сөздер жақын арада орыстілді сыныптар жабылуы мүмкін деген ойға қалдырды, бірақ гимназия директоры жеке бақылауына негізделген пікірін білдірді және оны Қазақстан үкіметінің ресми мәлімдемесі деп бағалау, орыс тілінен міндетті түрде бас тарту туралы жоспар деп қарау дұрыс емес.

Ұлттық статистика бюросы жариялайтын «Қазақстандағы білім беру» статистикалық жинағының мәліметінше, 2021-2022 жылдары елде қазақ тілінде білім беретін 3 847, орыс тілінде 1 259 және аралас білім беретін 2 431 мектеп жұмыс істеді.

Маңызды: Қазақстанда ұйғыр, өзбек және тәжік тілдерінде білім беретін мектептер бар, бірақ біз тексеріп отырған ақпаратқа олардың қатысы болмағандықтан кестеге қосылмады.

Егер алты жылдың статистикасын қарасақ, (2015-2021) аралас тілді білім беретін мектептер саны ғана тұрақты өсіп отырғанын байқаймыз. Қазақ тілінде білім беретін мектептер саны кей жылдары төмендеп, қайтадан артып отырған. Жалпы 2015 жылмен салыстырғанда олардың саны 70-ке көбейген. Орыстілді мектептер саны 2016-2017 оқу жылында айтарлықтай артып, содан кейін тұрақты түрде төмендеген. 2021 жылы мектеп саны 2015 жылғы көрсеткішке дейін түскен.

Дегенмен, Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мыңнан аса мектеп бар, олар орта білімге деген сұраныстың бір бөлігін қамтамасыз етіп тұр. Екі мыңнан аса аралас тілде, яғни қазақ және орыс тілінде білім беретін мектеп барын да ұмытпаған жөн.

Елде екі тілде де орта білім беретін мекемелердің жетіспейтінін айта кеткен жөн. 2022 жылдың тамызында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылы Қазақстанда миллионға жуық оқушыға мектептерде орын жетпеуі мүмкін деп хабарлады. Министрдің айтуынша, қазір 260 000-нан аса орын жетпейді. 2021 жылы 227 мектеп салынған, ал жаңа сыныптардағы оқу тілі қажеттілік бойынша таңдалады. Мәселен, астанадағы «Binom» мектептерінің бірінде сұраныс көп болғандықтан қосымша орыс тілінде оқытатын сынып ашылды. Сонымен қатар тамызда Астанада оқушылар екі тілде білім алатын жаңа мектеп-гимназия жұмысын бастады.

Мәлімдеме: Қазақстанда бірінші сынып оқушыларына орыс тілін оқытпайтын болды.

Медиадағы ақпарат

Үкім: Манипуляция

Бірінші сынып оқушыларының мектеп бағдарламасынан орыс тілі алынып тасталатыны 2022 жылдың жазында хабарланды. Пәнді расында алып тастады, бұл туралы Асхат Аймағамбетов өзінің сұхбатында мәлімдеді. Бірақ бұл жаңалық қазақ тілінде оқытатын мектеп пен сыныптарға және тек бірінші сынып оқушыларына ғана қатысты, яғни екінші сыныптан бастап орыс тілі әдеттегі тәртіппен оқытыла береді.

Қазақстандағы бірінші сынып оқушыларының оқу бағдарламасынан орыс тілін алып тастағаны медиада (1, 2, 3) даулы тақырыптармен жарияланды. Сілтемедегі мәтіндерде әңгіме мемлекеттік тілде оқытатын мектептер туралы екені айтылса, кейбір пабликтер мен парақшалар (1, 2) мұндай толықтыруды қажет етпей, тілге қысым жасалып жатқаны туралы риторика мен газеттегідей тақырыптар қосқан.

Қазақстандағы бірінші сынып оқушылары енді орыс тілін үйренбейтіні туралы әңгімелер Аймағамбетовтың сұхбатынан кейін басталды.

Бастауыш сыныптарға келер болсақ, бұл тақырыпқа зерттеу мен талдау жасай келе бірінші сынып оқушысына бірден үш тілді үйрену қиын екенін анықтадық, бұл – тиімсіз. Мәселе дидактика мен физиологияда. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық, қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сыныпта бала тек бір тілді – қазақ тілін үйренуі керек, соған қарай жұмыс істеп жатырмыз. Яғни әуелі ана тілінде оқу-жазуды үйренеді. Ал екінші сыныптан бастап орыс тілі, үшінші сыныптан ағылшын тілі қосылады. Орыстілді мектептерге келсек, онда, сәйкесінше, бірінші сыныпта орыс тілі және мемлекеттік тіл, ал үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Әдіснама тұрғысынан оның негізі бар, мұндай зерттеулер мен ұсыныстар болды, біз соны енгізуді жоспарлап отырмыз.

Асхат Аймағамбетов

Балаларға үш тілді бірден үйретудің қиын әрі тиімсіз екені туралы мәлімдеменің дауын ысырып қойсақ, министрдің сөзінен түсінгеніміз, орыстілді оқушылар орыс тілін үйрене береді. Ал ағылшын тілі барлық оқушыға үшінші сыныптан қосылады.

Мәлімдеме: «Қазақстанда «орыс әдебиеті» пәніннің орнына «әлем әдебиеті» пәні болады.

Медиадағы ақпарат

Үкім: Шындыққа жақын

Орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін енгізу – жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Мұндай әңгімелер 2015 жылы басталды. Сол кезде Білім және ғылым министрлігі бұл пәнді алып тастайтынын жоққа шығарып, оқу бағдарламасындағы кей шығармаларды ауыстыратыны туралы сөз болғанын айтқан. 2022 жылы бұл сұрақ тағы да өзекті болып кетті.

Қазір «орыс әдебиеті» пәні қазақстандық мектептерде оқытылып жатыр, бірақ Оқу-ағарту министрлігі Factcheck.kz сайтына жұмыс тобы шынында оқу бағдарламасына «әлем әдебиеті» пәнін енгізуді талқылап жатқанын хабарлады. Сондай-ақ бағдарлама қабылданған жағдайда, «әлем әдебиеті» бағдарламасына орыс әдебиетінің қандай шығармалары енетіні де талқыланып жатқан көрінеді, яғни орыс әдебиеті әлем әдебиетінің бір бөлігі ретінде оқытылады.

Әзірге жаңа пән оқушылардың оқу кестесіне қашан енгізілетіні белгісіз. Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова журналистермен тілдескенде білім беру бағдарламаларына енгізілетін өзгеріс бір жылда шешілген жұмыс емес екенін, оқу жобасы мектеп бағдарламасына енгенге дейін сараптамадан өтуі қажет екенін атап өтті.

Қазақстан билігінің орыс тіліне қатысты ұстанымы

ҚР Конституциясында орыс тіліне ресми тіл дәрежесі берілген.

Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 7-бап, 2-тармақ

Кей жағдайларды «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңы реттейді, онда орыс тілі мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару органдарында, іс жүргізуде, сот ісін жүргізуде, білім беру ұйымдарында қазақ тілімен тең дәрежеде ресми түрде қолданылады және мектептегі міндетті пән делінген.

Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі пікір білдіріп отырады. Мәселен, 2022 жылдың 29 сәуірінде Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында Тоқаев көпұлтты және моноэтникалық мемлекеттердегі халық бірлігі туралы айтып, қазақ тілінің мәртебесі басқа тілдерге зиянын тигізбейтіндей бекітілуі керек деді.

Қайталап айтамын, тілге қатысты ешқандай кемсітушілік болмауы керек. Бұл мәселеге Конституция нақты жауап береді: еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, бірақ еліміздің Конституциясы – мемлекетіміздің негізгі заңында – орыс тілінің де өзіндік орны бар. Осыны негізге алайық.

Қ. Тоқаев

Мемлекет басшысы тіл мәселесін өзінің 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында да назардан тыс қалдырмады. Ол екі тілді де үйренудің маңызды екенін еске салды.

Қоғамда мектептерде қазақ және орыс тілдерін оқытуға қатысты пікірталас бар. Анығын айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы меңгерген балаларды тәрбиелеуіміз керек.

Қ. Тоқаев

2022 жылдың 14 қазанында ТМД саммиті аясында президент орыс тілін дамыту ұйымын құру туралы бастама көтерді.

Біздің халқымызды одан әрі жақындату үшін Қазақстанның ТМД аясында орыс тілін қолдау және өркендету жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы ұсынысын айттық. Қазір орыс тілін түрлі деңгейде 300 млн адамға дейін білетінін айта кету керек. Олар барлық құрлықта өмір сүреді. Біздің ойымыз – Франкофония тәжірибесін пайдалана отырып штаб-пәтері Парижде орналасқан, сипаты мен құрылымы БҰҰ-ға ұқсайтын халықаралық ұйым құру. Менің ойымша, уақыт өте келе орыс тілін жақсы білетін адамдар тұратын елдер ұйымға қосылады. Ал ондай елдер Азияда болсын, Еуропа болсын, Латын Америкасында да өте көп.

Қ. Тоқаев

Түйін:

  1. Қазақстандық оқушыларға мектептерде орын жетіспейді. Білім беру жүйесі орыс тілінде оқытуға қажеттіліктің жоғары екенін ескеріп, аралас мектептерді көп ашып жатыр. Орыс тілінде білім беретін мекемелер мен сыныптарды жабу туралы ресми шешім немесе нақты бір жоспар жоқ. Ал сарапшылардың пікірі тек жеке бақылауларына негізделген.
  2. Орыс тілін екінші сыныптан бастап оқытуға көшу тек қазақ тілінде оқитын балаларға қатысты. Оқу-ағарту министрлігі бірінші сыныпта үш тілді бірден игеру қиын деп есептеген, ал жаңалық тек орыс тіліне ғана емес, ағылшын тіліне де қатысты. Енді ағылшын тілін оқушылардың бәрі үшінші сыныптан бастап оқиды. Оқу тілі орысша өтетін балаларға орыс тілі бұрынғыша бірінші сыныптан бастап енгізілген.
  3. Жалпы Қазақстанда оқу реформалары көп болғандықтан кейде оқу бағдарламасында нақты не өзгеріп жатқанын түсінбеу жиі кездеседі. Орыс әдебиетіне қатысты оқиға бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2015 жылы оқу жоспарындағы шығарманы ауыстыру орыс тілін алып тастайды деген қауесетке дейін апарды. 2022 жылы бұл тақырып Оқу-ағарту министрінің «Әлем әдебиеті» пәні (оның аясында орыстілді авторлар да оқытылады)  енгізілуі мүмкін екені туралы мәлімдемесінен кейін қайта өзекті боп кетті. Қазір оның қашан енгізілетіні белгісіз және мектепте «орыс әдебиеті» оқытылып жатыр.
  4. Жалпы Қазақстанда орыс тілінің мәртебесі туралы бірнеше заң бар. Ол кез келген мемлекеттік құрылымның, оның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің жұмысы кезінде де ескеріледі.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz