Кейінгі 30 жылда ЖІӨ-дегі АӨК үлесі бүкіл әлемде төмендеді ме?

24 қарашада өткен Сенаттың жалпы отырысында Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев жалпы ішкі өнімдегі аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің (АӨК) үлесі аз екенін еске салып, мұның бүкіл әлемде боп жатқан тенденция екенін айтты.

Factcheck.kz министр сөзінің қаншалықты рас, қаншалықты манипуляция екенін талдады.

Министрдің айтқаны (Тайм-код: 2:11:52)

Мәлімдеме: Әлімжан Сейітжанұлы, сіз жаңа 1991 жылы бізде негізі ауыл шаруашылығы саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 29,5% болды деп айтып кеттіңіз. Негізінен соңғы 30 жылдың ішінде бұл әлем бойы жүріп жатқан тенденция. Ауыл шаруашылығы саласының үлесі жалпы ішкі өнімдерде төмендеп жатыр. Мысалы, Бразилия, Аргентина, Аустралияны алатын болсақ, дамыған елдерді алсақ, ауыл шаруашылығы саласының үлесі жалпы ішкі өнімде 0,5%-дан 6-7%-дың көлемінде болады, 10%-дан аспайды.

Ербол Қарашөкеев

Үкім: Манипуляция

Министр сөзінің рас тұсы бар, алайда мәлімдеме тым жалпылама және шынайы жағдайды толық көрсетпейді.

Мысалы, 1991 жылдан 2021 жыл аралығында дүниежүзінің жалпы ішкі өнімінің құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 4,6%-тен 4,3%-ке ғана түскен.

Ал Қазақстанда 1991 жылы ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 29,5% болған, 2021 жылы бұл көрсеткіш 5,1%-ке дейін түсті.

2021 жылы ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі Бразилия мен Аргентинада 6,8%-ке, Аустралияда 2,2%-ке жетті. Үш елде де ЖІӨ-дегі АӨК үлесі түрлі уақытта өзгеріп, төмендеп не көбейіп отырған. Бірақ расымен, қазіргі көрсектіштері 1991 жылға қарағанда төмен деңгейде.

Министр сөзіндегі “дамыған елдер” тіркесін экономикалық даму бойынша, яғни жалпы ішкі өнімі ең үлкен елдер деп топшаласақ, онда АҚШ, Қытай, Жапония, Германия және Үндістанды қарастыруымыз керек.

Бұл тұрғыдан, кейінгі жылдары Үндістан мен Қытайда ғана айтарлықтай өзгеріс бар, ал Германия, Жапония және АҚШ-тың көрсеткіші – 1% айналасында.

Айта кету қажет, Үндістанның ЖІӨ-дегі АӨК үлесі 18,2%, бұл министрдің “дамыған елдерде 10%-тен аспайды” деген сөзін теріске шығарады.

Мәлімдеме: Ауыл шаруашылығы ЖІӨ-дегі үлесі 20-дан [%-тен] жоғарыларды қарайтын болсақ, ол кілең Африка мемлекеттері, Ауғанстан.

Ербол Қарашөкеев

Үкім: Шындық

Расымен, Африка құрлығының, Оңтүстік және Орталық Азияның бірқатар елінің жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 20%-тен көп.

Мұндай тенденцияның себебі неде?

Шындығында жалпы ішкі өнім құрамында АӨК көлемінің азаюы саланың дамымай қалып қойғанын білдірмейді. Бұл тек басқа салалардың тез өсіп жатқанын көрсетеді. Мұны 2020 жылғы пандемияға қарсы амал ретінде қолданылған карантин шараларының салдарынан да байқадық: дүниежүзілік ЖІӨ-нің ішіндегі АӨК үлесі 4,4%-ке өсті (2019 жылы 4% болған), өйткені жалпы ішкі өнімдегі өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларының үлесі азайды. Мұндай өзгеріс Қазақстанда да болып, көрсеткіш 2019 жылғы 4,4%-тен 2020 жылы 5,4%-ке дейін өсті.

Экономист Алексей Тузиковтың айтуынша, ЖІӨ-дегі АӨК үлесінің азаю себебі – адамдардың табысы азық-түлік құнынан жылдам өсіп келеді, нәтижесінде отбасылар бюджетінің аз бөлігін ғана азық-түлікке жұмсайды. Осылайша, экономикалық прогрес ауыл шаруашылығы үлесінің төмендеуімен бірге жүреді. Экономикадағы өсім басқа салалардың арқасында болады. 2020 жылы әлемдік жалпы ішкі өнімнің құрылымы келесідей болды: АӨК – 4.4%, өнеркәсіп – 26,33%, қызмет көрсету – 65,73%.

Statistic: Share of economic sectors in the global gross domestic product (GDP) from 2011 to 2021 | Statista
Find more statistics at Statista

Ал Қазақстанда ауыл шаруашылығының нақты көлемі 1991 жылғы 7 млрд АҚШ долларынан 2020 жылы 9 млрд АҚШ долларына дейін артқан. Яғни, доллардың инфляциясын ескерсек, ауыл шаруашылығы тұралап қалғаны туралы айтуға болады, бірақ айтарлықтай қиын жағдайда емес.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz