ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономика үлесі – 50% пе?

24 қарашада өткен Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Қазақстандағы көлеңкелі экономикаға қатысты дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Тайм-код: 17:41

Мәлімдеме: Президент көлеңкелі экономиканың көлемі ішкі жалпы өнімнің үштен біріне тең екенін айтқан.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2021 жылы ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономика үлесі — 19,75%.

Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың сөзінше, экономиканың жандануын және пандемия кезіндегі бизнестің шығындары салдарынан бұл көрсеткіш 30%-ке қайта жақындауы мүмкін.

Мәлімдеме: Бұл ресми мәлімет, ал енді сарапшылардың ресми емес мәліметтері бойынша, көлеңкелі экономика одан да жоғары, 50% деген болжам бар. 

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Дәлелденбеген

Сенатор қай ақпаратқа сүйенгенін нақты айту қиын. Желіде “Қазақстандағы көлеңкелі экономика 50%-ке жетеді” деген ақпарат көп (мәселен, мұнда, мұнда және мұнда) және олар мәліметтің дереккөзін көрсетпей, шетелдік сарапшыларға сілтейді. Forbes редакциясына берген сұқбатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов 2020 жылы Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың үлесі 50% болуы мүмкін екенін айтқан. Қаржы полициясы агенттігінің өкілі Ж. Елиманов жекелеген салалардағы көлеңкелі экономика деңгейі 50%-ке жететінін мәлімдеген. Factcheck.kz мәліметтің дереккөзін іздеді.

Халықаралық Валюта Қорының 1991-2015 жылдардағы 158 мемлекеттің көлеңкелі экономикасын талдаған 2018 жылғы “Дүние жүзіндегі көлеңкелі экономика: соңғы 20 жылда біз не үйрендік?” баяндамасына сай, 1991-2015 жылғы Қазақстандағы көлеңкелі экономика — орта есеппен 38,88% болған Соның ішінде ең жоғары көрсеткіш — 1996 жылғы 47,35%. Толық статистика төмендегі слайдерде.

Зерттеу авторларының жазуынша, көлеңкелі экономика ақшалай, реттеуші және институционалдық себептерден ресми органдардан жасырылған барлық экономикалық қызметті қамтиды. Оның ішінде, ақшалай себепке: салықтар мен барлық әлеуметтік аударымды төлеуден жалтару; реттеуші себепке: мемлекеттік бюрократиядан немесе заң ауыртпалығынан қашу; ал институционалдық себепке саяси институттар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң үстемдігінің әлсіздігі жатады. Баяндамадағы статистикада қылмыстық және тұрмыстық қызметтерден болатын көлеңкелі экономика көрсеткіші қосылмаған.

Дүниежүзілік Банктің 2018 жылғы дерегінше, Қазақстандағы бейресми экономика ЖІӨ-нің 34,8%-ін құраған (2018 жылғы ЖІӨ — $179,34 млрд.; ∼ оның 34,8%-i — $62,5млрд). Бейресми экономиканың көлеңкеліден ерекшелігі — ол салық салуға жатпайтын және заң шарттарымен бекітілмеген экономикалық қызмет түрлерін біріктіреді. Халықаралық Еңбек Ұйымының жазуынша, бейресми экономикаға қауіпті және денсаулыққа зиянды еңбек жағдайлары, жұмысшылардың біліктілігі мен өнімділігінің төмен деңгейі, тұрақсыз немесе төмен жалақы, т.б. жатады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің 2022 жылғы экономикалық баяндамасына сай, әлемдік тәжірибеде ЖІӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың қалыпты үлесі 5-10%, ал Қазақстанда бұл мән 20%-тен 35%-ке дейін жетеді. БҰҰ-ның жазуынша, бақыланбайтын экономикаға көлеңкелі, бейресми, заңсыз экономика (секс-қызмет, есірткі, алкоголь сату) жатады.

Қорытынды

  • Бақыланбайтын экономикаға көлеңкелі, бейресми, заңсыз экономика кіреді. Көлеңкелі экономика салық төлемеу, қағазбастылықтан қашу, әлсіз заңнама секілді себептерден болса, бейресми экономикаға заңмен қарастырылмаған жұмыс әрекеттері кіреді.
  • Халықаралық Валюто Қорының соңғы деректері Қазақстандағы 1991-2015 жылдардағы көлеңкелі экономика орта есеппен ЖІӨ-нің 39%-ін құрағанын көрсетті.
  • Дүниежүзілік Банк елдегі бейресми экономика ЖІӨ-нің 34,8%-ін қамтитынын жазады.
  • Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, көлеңкелі экономика үлесі — 19,75%. Есеп комитеті бұл көрсеткіш 30%-ке дейін жетуі мүмкін деп санайды. Ұлттық Банк бақыланбайтын экономиканың 35%-ке жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
  • Көлеңкелі экономика — үкіметке денсаулық сақтау, жол құрылысы және білім беру секілді маңызды қызметтерді көрсетуге қажетті кірістерді жинауға кедергі. Бұның алдын алу үшін Дүниежүзілік Банк салық төлеуді жеңілдету, бизнесті ресми рәсімдеуге шақыру секілді мемлекет тарапынан жасалған әрекеттер оң нәтиже көрсететінін жазады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz