2022 жылдың 12-і желтоқсанында үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент жиында бірнеше мәселе көтеріп, дерек келтірген.
Factcheck.kz редакциясы Тоқаев мәлімдемесінің бірнешеуінің рас-өтірігін тексерді.
Мәлімдеме: Халықтың әл-ауқатын жақсарту керек. Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылдың қарашасында азық-түліктің бір жылдық инфляциясы 24,1% болған. Ал 2022 жылдың қазанындағы халықтың нақты ақшалай табысының индексі 88% болып, 2021 жылдың көрсеткішіне жете алмаған. 2022 жылы кейінгі 5 жылдағы ең төменгі индекс тіркелген.
[infogram id=”58c2cf1b-8737-4764-9d67-07e59785c5c1″ prefix=”0K6″ format=”interactive” title=”Ақшалай табыс”]
Мәлімдеме: Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Дәлелденбеген
2022 жылдың I тоқсанындағы жағдайға сай, жұмыссыз халық саны 453 134, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар 173 031, уақытша жұмыс істемейтіндер 10 700, барлығы — 636 865 адам. Алайда Тоқаев “қағаз жүзінде жұмыс істейтіндер” деп нақты қай категорияны меңзегені белгісіз. Ашық дереккөзде мұндай көрсеткіш жоқ, ал Еңбек министрлігі тиісті статистиканы ұсына алмады.
Мәлімдеме: Өндірістік жарақаттар нағыз проблемаға айналды. Ағымдағы жылдың [2022 жыл – ред.] 11 айында өндіріс орнында 1 124 жұмысшы жарақат алып, оның 157-сі қайтыс болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындыққа жақын
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакциямызға берген ақпаратына сай, 2022 жылдың 11 айында кәсіпорындарда 1 251 адам (2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ке аз) зардап шегіп, 175 адам (2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ке көп) қаза тапқан.
[infogram id=”f598f1c5-b3bb-48e6-a3e0-de4d1ff6221b” prefix=”ftL” format=”interactive” title=”Өндірістік жарақат көп аймақтар”]