Қазір Қазақстанда әскерге шақыру жүріп жатыр, оған 18-27 жас аралығындағы әскерден босатылмаған жігіттер шақырылады. Бұл процесстің алғашқы легі наурыз-маусым аралығында өтеді, қалған екінші бөлігі қыркүйек-желтоқсан аралығында болады. Үкімет биыл елдің 42 098 азаматын шақыруды жоспарлап отыр.
Дегенмен қазақстандық медиа кеңістікте әскердегі әлімжеттік пен өлім-жітім туралы ақпарат жиі шығып жатады. Жауапты орган — қорғаныс министрлігі әлімжеттік фактілерін теріске шығарып келе жатқанымен, қайғылы оқиғалар туралы ақпарат азайған жоқ. Түрлі бағалауларға сай, 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін Қазақстан армиясында мерзімді, келісімшарт бойынша, курсанттар мен офицерлерді қоса алғанда, 270-тен 300-ге дейін сарбаз қайтыс болды. Әңгіме жауынгерлік әрекет туралы емес, бейбіт уақыттағы шұғыл қызмет туралы болып отыр. Оның ішінде 40 суицид, ал басқа да күштік құрылымдарды, соның ішінде ІІМ мен Ұлттық гвардияны қосқанда суицид жағдайлары – 86.
Осы ретте мәселенің тағы бір тұсы барын ұмытпаған жөн — әскерде әлімжеттік жалпы азаймай тұрса, гомосексуалдар гетеросексуалдарға қарағанда көбірек стигмаға ұшырайды. Зерттеушілердің жазуынша, гей және бисексуал әскери қызметкерлер ориентациясы үшін виктимизациямен көбірек кезігеді.
Factcheck.kz редакциясы осы сұрақтың жауабын министрліктен сұрап көрді.
Министрлік позициясы
Factcheck.kz редакциясының сауалына жауап берген қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке Қазақстанның заңнамасына сәйкес тиісті физикалық және моральдық-психологиялық қасиеттері бар азаматтар шақырылатынын айтады. Министрлік ориентация әскери қызметке жарамдылықты анықтау критерийлерінің қатарына кірмейтінін ескертеді. Бұл дегеніміз, әскерден ресми босатылмаған кез-келген адам шақырылады. Оның үстіне, министрліктің жауабына сай, егер азамат психикалық немесе өзге де ауытқушылықтар туралы мәлімдесе, бұл ақпарат денсаулық сақтау саласындағы заңнама мен медициналық хаттамаларға сәйкес тексеріледі. Ал ориентацияны тексеру медициналық этикаға және адам құқықтарының принциптеріне қайшы және заңда көзделмегенін атап өтті.
Медициналық комиссия жыныстық бағдарды дербес факт ретінде тексермейді. Әскерге шақырылушының мәлімдемесі назарға алынуы мүмкін, алайда әскери қызметке жарамдылық туралы шешім тек денсаулық жағдайын, оның ішінде психикалық жағдайды клиникалық бағалау нәтижелерінің, ауру тарихының, медициналық тексерулер мен бейінді мамандардың қорытындыларының негізінде қабылданады.
Қорғаныс министрлігі
Мұндай жағдайда, редакцияны қызықтырған басты сұрақтардың бірі, гомосексуалдардың әскердегі қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі деген сауал. Министрліктің сөзінше, еліміздің қарулы күштерінде әскери тәртіп пен ішкі тәртіпті сақтауға қойылатын бірыңғай талаптар бар. «Бұл – әскери ұжымның бірлігін нығайтуға, әскери қызметшілер арасындағы достықты арттыруға бағытталған іс-шаралар. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің ұлттық сезімдері, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына кемсітушілік танытпау, олардың шыққан тегі, әлеуметтік және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, қызмет өтілі, тұрғылықты жері және басқа да жағдайларына қарамастан, төзбеушілік таныту талап етіледі», – дейді министрлік.
Жалпы әскери жарғылардың талаптарын бұзған немесе орынсыз мінез-құлыққа қатысты құқықбұзушылықтар белгіленген тәртіппен қаралады, ал кінәлілер тәртіптік немесе басқа да жауапкершілікке тартылады.
Яғни ориентацияға қарамастан, адамдарға ортақ талап қойылады.
Министрлік ұсынған тағы бір қызықты дерек — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен Халықаралық аурулар жіктемесінің 10-қайта қарастырылған нұсқасында гомосексуал болу — бұзылыс ретінде қарастырылмайды. Алайда, егер әскерге шақырылушыда жыныстық мінез-құлықпен байланысты, бейімделуге кедергі келтіретін немесе айқын психикалық симптомдармен бірге жүретін психикалық бұзылыстар болса, бұл жағдайлар тұлғалық немесе мінез-құлықтық бұзылыстар ретінде жіктелуі мүмкін. Мұндай жағдайда әскери қызметке жарамдылық туралы шешім бейінді маман-психиатрдың қатысуымен әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.
Министрлік гомосексуалдардың әскердегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке заң жобасы жоспарда бар ма деген сұарққа нақты жауап бермеді. Тек «Заңнаманы жетілдіру мәселелері халықаралық тәжірибелер мен қоғамдық пікірге сүйене отырып, уәкілетті органдардың тұрақты қарауында», – деп жауап қатты.
Әлемдегі практика
Қазір түрлі елде гомосексуал әскери қызметкерлерді қорғаудың әртүрлі амалы қарастырылған. Бұлардың ішіне алалауға қарсы заңдар мен басқа да саясат түрі кіреді. Мысалы, алалауға қарсы заңдарда қарулы күштердегі ориентацияға негізделген кемсітушілікке нақты тыйым салатын заңдарды немесе әскери кодекстерді қабылдайды. Ал келесі бір елдерде гомосексуал жұптарға гетеросексуал ерлі-зайыптылар сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Тағы бір елдер әскерилер арасында сыңаржақ көзқарасты жою үшін сезімтал (sensitivity) тақырыпқа арналған трениң өткізуді талап етеді.
2014 жылы Гаагадағы стратегиялық зерттеулер орталығы «ЛГБТ әскери қызметкерлер: интеграцияның стратегиялық көрінісі» есебін жариялап, онда қарулы күштердің біразы алғаш рет ЛГБТ өкілдеріне қызмет етуге рұқсат беретін саясаты барын жазды. Гейлерге қарулы күштерде ашық қызмет етуге тұңғыш рет мүмкіндік берген ел 1974 жылы Нидерланды армиясы болды. Бүгінде елдің қорғаныс министрлігі жүзеге асыратын әралуандық саясаты ориентацияға ерекше назар аударатынын көрсетіп келе жатыр. Қорғаныс министрлігі бұл саясатты, мысалы, гей-прайдқа қатысу және ұйымдағы ЛГБТ желісіне қолдау көрсету арқылы көрінеді.
Данияда да ЛГБТ адамдар 1978 жылдан бері ашық түрде қызмет ете алады. Бұл дегеніміз, ЛГБТ өкілдері Дания қорғанысының барлық бөлімінде кедергісіз қызмет етеді. 1996 жылы ориентацияны қамтитын алалауға қарсы заң қабылданды, бұл адамдарды жұмысқа орналастыруда, тұрғын үй және басқа да мемлекеттік қызметтерде қорғайды. Бұл дегенімміз заң қарулы күштерде де қолданылады.
АҚШ-та «Сұрама, айтпа» саясаты (1993-2011) ЛГБ тұлғаларға ориентациясын жасырған жағдайда ғана қызмет етуге мүмкіндік берді. Ол 2011 жылы жойылды, қазір ашық қызмет етуге болады. Кейінгі зерттеулер әскери дайындыққа немесе моральдық жағдайға теріс әсер етпегенін көрсетті.
Жалпы алғанда, Гаагадағы стратегиялық зерттеулер орталығының 2014 жылғы есебіне сай, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Нидерланды, Швеция мен Аустралия ЛГБТ әскерилер үшін ең қолайлы ел саналады. Қазақстан бұл көрсеткіште 103 ел ішінде 90-орында болған.