Фактчек | Е. Жамаубаев: Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8%-ке өсті

UPD 23.06.2022. Материалды өңдеу барысында бірінші мәлімдеменің екінші үкімі “жалғаннан” “үкім жоққа” өзгертілді.

16 маусымда өткен Сенаттың жалпы отырысында сөз алған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан экономикасының бір жылдық көрсеткіштеріне қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz министр сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Министр мәлімдемесі (тайм-код: 22:22)

Мәлімдеме: Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8%-ке, құрылыс саласы 7,6%-ке, көлік 3,6%-ке, сауда 9,2%-ке өсті.

Ерұлан Жамаубаев

Үкім: Шындық және үкім жоқ

Несі рас: Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, министр мәлімдемесінің көп бөлігі рас. 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2020 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің индексі 3,8%-ке, құрылыс жұмыстарының көлемі 7,6%-ке, сауда индексі 9,2%-ке артқан.

Неге үкім жоқ: Алайда, министр “көлік” туралы статистикада көлік өндірісін не көліктердің қызмет көрсетуін меңзегені түсініксіз. Екеуінің де көрсеткіші министр айтқан дерекке сай келмейді. Мысалы, 2021 жылы автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндіру 24,3%-ке өскен (оның ішінде жеңіл жолаушылар көлігі 24%-ке, жүк көліктері 29,1%-ке артқан). Тасымалданған жүк бір жылда 1,1%-ке көбейген, ал адам тасымалы 2020 жылмен салыстырғанда тек 90,3%-ке орындалған. Министр сөзінде қандай да бір нақтылықтың жоғына байланысты мәлімдеменің бұл тұсы үкімсіз қалдырылады.

Мәлімдеме: Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,5%-ке ұлғайды, инфляция деңгейі 8,4%-ті құрады, жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды.

Ерұлан Жамаубаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының жазуынша, 2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестицияның игерілуі 2020 жылға қарағанда 3,5%-ке көп. Ал инфляция 2021 жылы желтоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 8,4%-ті құрады. Тек “Талдау” Ақпараттық-талдамалық жүйе дерегіне сай, жұмыссыздық 4,9% күйінде сақталмаған, ол 5% деңгейіне дейін көтерілді.

Контекст

Ekonomist-тегі әріптестеріміздің жазуынша, қазақстандықтардың жұмыссыздық деңгейі басқа постсоветтік елдермен салыстырғанда, жақсы деңгейде көрінуі мүмкін.

Алайда, шын жағдайды түсіну үшін Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі қандай жолмен есептелетініне назар аударған жөн. Отандастарымыздың көп бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деп есептеледі. Бірақ олардың жұмысы мен кірістері әртүрлі болуы мүмкін. Оларға компания басшыларынан бастап, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар да (мысалы, отбасылық кәсіпорындардың еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері және т.б. Толығырақ) жатқызылады.

Одан бөлек, қазақстандықты жұмыссыз қатарына жатқызу үшін ол тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына не электронды үкімет порталына жүгінуге тиіс екенін де ескеру қажет. Алайда, еңбекке қабілетті жастағы адамның көбі жұмыспен қамту орталығына бармайды. Оның орнына, азаматтар жұмысты интернеттегі хабарландырулар не таныстары арқылы іздегенді жөн көреді.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz